
“Сарыарқа” газ құбырының құрылысы жоспарға сәйкес 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
“Сарыарқа” газ құбырының құрылысы “Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбырынан бастау алады. Қазіргі уақытта объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басты құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, 2020 жылы объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр.
“Сарыарқа” магистральды газ құбыры ел астанасын, орталық және солтүстік аймақтарды газдандыруға арналған. “Самұрық-Қазына” қоры ауқымды жобаны қаржыландыруға қатысса, “ҚазСтройСервис” компаниясы – құрылыс мердігері, “Астана Газ ҚМГ” – операторы. Газ құбырының тасымалдау қабілеті жылына 2,2 млрд. м³ газды құрайды. Мысалға, тек Алматы облысы мен Алматы қаласының газ тұтыну мөлшері жылына 2 млрд. м³. Жалпы алғанда, Қарағанды және Ақмола облыстарында 171 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Осылайша, газдандыру есебінен көмір отынын тұтыну көлемі жылына 650 мың тоннаға азаяды. Бұл шаралар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартады.
Құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жезқазған-Қарағанды-Нұр-Сұлтан бағытындағы магистральды газ құбырының құрылысы жүргізілсе, екінші кезеңде газ құбырын Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетауға дейін, ал үшінші кезеңде Петропавл қаласына тарту көзделіп отыр. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 км. Жобаны іске асыруға жергілікті компаниялар мен еңбек күші тартылған.
Бұл туралы “Самұрық-Қазына”ҰӘҚ” АҚ қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменті хабарлады.