Петропавл қаласының бұрын сотталған екі тұрғыны Жұмысшы кентіндегі дүкендердің бірін тонап, қолға түсті,- деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
1990 және 1979 жылы туған екі тұрғын Караван көшесінде орналасқан сауда нысанының терезесін бұзып кіріп, бар ақшаны үптеп кеткен. Сонымен қатар ұрылар ішкі бейнебақылау камераларын да қолды еткен екен. Ондағы ойлары қылмыстың ізін жою болса керек. Дегенмен арам ойлы ұрылардың ойлағаны іске аспады, оларды сыртқы бейнебақылау камералары түсіріп үлгеріпті.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел басқару орталығы инспекторларының бейнебақылау камераларымен сауатты жұмысының арқасында ұрыларды ізін суытпай ұстаудың сәті түсті. Петропавл қалалық полиция басқармасының 2-ші бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-ші бабының 2-ші тармағы бойынша тергеу амалдарын бастады.