Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада халық жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 119 жыл толуына орай конференция өтті.
Оған қаламгердің ауылдастары, туыстары, зиялы қауым мен жас буын өкілдері қатысты. Күйші Серікбай Құсайынов пен ардагер-журналист Амандық Жантеміров белгілі қаламгер жайлы естеліктерін айтып, оның жан-жақты, әрі кеңпейіл адам болғандығын тілге тиек етті. Ал, жазушының немере інісі Ермек Мұстафин Сәбеңнің өмірінен тың деректер келтіріп, оның жора-жолдастарына жазған хаттарынан үзінді оқыды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры Жанбай Қадыров жазушының шығармашылығына кеңінен тоқталды.
“Сәбеңнің туған жерге деген кіршіксіз махаббаты, жарқын болашаққа деген сенімі оның қарымды қаламгер болуына түрткі болды. Ол кішкентай кезінен әдебиетке құмартып өсті. Осындай қыры оның классик жазушы болып қалыптасуына жол ашты”, — деді профессор.
Бұдан соң Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова ақынның “Оң сапарға” атты өлеңін оқып берді. Конференция соңында жиналғандар назарына Сәбит Мұқанов жайлы бейнефильм ұсынылды.
Назым Биқожа, Гүлсезім Оспанова, Алмагүл Тастанова бастаған бір топ студенттер ақынның “Тың жайлауы”, “Қызылжар”, “Мен кіммін деп мақтанам” және басқа өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қонақтар шарадан соң кітапхана ұжымы дайындаған “Халық жазушысы” тақырыбындағы көрмені тамашалап, Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-бөлмесімен танысты.