25 сәуір күні Талдықорған қаласында «Ұлы дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» республикалық туры басталады.
Тур аясында Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сынды танымал айтыскерлер Қазақстанның 22 қаласында өнер көрсетеді. Ән мен жырдан бөлек, көрермендерге ғаламат шоу көрсету де жоспарланған. Талдықорғаннан кейін сапар Семей, Павлодар, Ақтау, Қарағанды, Жаңаөзен, Петропавл, Орал, Тараз қалаларында жалғасын табады.
«Ең үздік айтыскерлерді жинап, ел аралау көптен бері ойымда жүрді. Себебі, айтысты тартымды әрі заманауи етіп ұсынуға болады. Айтыстың ғұмыры әлі ұзақ. Негізгі ой осы. Мамыр айында ірілі-ұсақты барлық қалаларды аралаймыз. Билеттердің бағасы айтарлықтай арзан және әр өңірде түскен қаржының бір бөлігі қайырымдылыққа беріледі. Яғни, бұл — ақша табуды көздейтін жоба емес», — деді жобаның бас продюсері Жан Мұқанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.