«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРМЫСТЫ ТҮЗЕУ — БАСТЫ ТАЛАП

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясының ХVIII съезінде тұрмысы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жаңа əлеуметтік шараларды жүзеге асыру міндетін қойған болатын. Олардың іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында өңірімізге жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Əбдіқалықова бастаған үкіметтік топ мүшелері келді. Оқушылар сарайында өткен алқалы жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, сондай-ақ, өңір тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова азаматтардың жекелей топтарына, атап айтқанда, төмен еңбекақы алатын, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. “Әлеуметтік қорғау” бағдарламасы әзірленіп, алдағы жылдары мемлекет қазынасынан бөлінетін 2,3 триллион теңге табысы төмен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың баяндауынша, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қызмет ететін бір миллионнан астам маманның еңбекақысы үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап 15-тен 30 пайызға дейін өседі.
Сондай-ақ, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін жергілікті әкімдіктер қызметкерлерінің табысы 25 пайызға артады. Бұл өңірімізде осы салада қызмет атқаратын 47 мың адамның табысы ұлғаяды деген сөз. Мәселен, психолог және логопед мамандардың еңбекақысы 59 мыңнан 75 мың теңгеге дейін, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінікі 79 мыңнан 100 мың теңгеге дейін артады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік карта әзірленіп, сол бойынша біртіндеп көпбалалы отбасылардың тұрмысын жақсарту көзделген. Облысымыз бойынша 12700 отбасы жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алады. Министрдің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 2 жарым мың отбасының да айсайынғы алатын жәрдемақысының мөлшері айтарлықтай өсті. Министрлік мұндай отбасыларға арнап қысқамерзімді курстар ұйымдастырмақ. Соның негізінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар жұмысқа тұрады. Бүгінде республика бойынша 350 мың көпбалалы отбасы болса, соның 250 мыңының баспанасы жоқ.
Жиында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндама жасап, ұстаздар мен әдіскерлердің, балабақша тәрбиешілері мен мектептен тыс ұйымдар қызметкерлерінің, кітапханашылар мен білім беру ұйымдарында қызмет ететін техникалық жұмысшылардың еңбекақысы арттырылатыны туралы айтты. Өңірімізде үш мектеп құрылысына қаржы бөлінген. 2019-2021 жылдары 82 мың мұғалім мен психолог жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыратын болады. Күләш Ноғатайқызы үштілділікке көшу мәселесіне де тоқталды. “Аталмыш бағдарламаға қатысты сан түрлі пікірлер туындауда. Бірақ халықтың дүрлігуіне себеп жоқ. Біз бұл жүйеге оқушылар мен ұстаздар толық дайын болған жағдайда ғана біртіндеп көшетін боламыз. Биылғы жаз айларынан бастап мұғалімдер үшін ағылшын тілін үйрету шаралары қолға алынады”, – деді министр.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов өз салалары бойынша хабарлама жасады. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бюджет саласы мамандарының еңбекақысын өсірумен қатар алдағы жылы еліміздің барлық емдеу мекемелерін бір мың “Жедел жәрдем” көлігімен қамтамасыз ету көзделген. Республика көлемінде 600 медициналық пункт ашу жоспарланып отыр. Жаңа ережеге сай, биылдан бастап грант бойынша білім алған медициналық оқу орындарының түлектері міндетті түрде үш жыл бойы ауылдық жерлерде еңбек етуі тиіс.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов біздің өңірдің көпбалалы отбасыларын баспанамен қамту мәселесі алдағы екі жарым жыл ішінде толығымен шешілетінін айтты. Биылғы жылдың өзінде осындай отбасылардың 30 пайызын тұрғын үймен қамту көзделген.
Кеңес соңында министрлер тұрғындар сауалдарына жауап берді. Сегіз баланың анасы Аяулым Шаданова облыс орталығында пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Тұрғын үй кезегі бойынша 5575-інші орында тұр. Оның “Өзім сияқты жандарға жеке кезек қарастырыла ма?” де-ген сұрағына Мархабат Жайымбетов осы мәселеге орай заңға өзгерістер енгізіліп жатқандығын, соның негізінде көпбалалы отбасыларға бөлек кезек жасалатынын айтты.
* * *
Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қала және аудан әкімдерімен, жергілікті кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесті.
“С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында өткен жиында “Әлеуметтік қамқорлық” жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары түсіндірілді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Өңір басшысы атап өткендей, облыста жұмысшылардың қысқартылуына жол бермеу мақсатында ірі кәсіпорындармен 1,9 мыңнан астам меморандумға қол қойылған. Бұл құжат 86 мың адамды қамтыды. Сондай-ақ, тұрғындарды жұмыспен қамтудың 2018-2025 жылдарға арналған “Жол картасы” әзірленді. Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында еңбек қатынастарын реттеу мақсатында ұжымдық келісімшарттар жасалуда. Өңір кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі шараларының сақталуын қадағалау мақсатында 1103 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Нәтижесінде үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жазатайым оқиғалардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 55,6 пайызға азайған.
Жиында Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі жөнінде айтты.
– Жұмысшылардың еңбекақысын өсіріп, уақтылы төлеу маңызды. Өкінішке қарай, ел бойынша жалақы берешегі 1 миллиард теңгеден асады. Олардың басым бөлігі банкротқа ұшыраған кәсіпорындардікі. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбекақысын өсіру мәселесі де мемлекет назарында, – деді Гүлшара Наушақызы.
Бүгінгі таңда облысымызда тіркелген 5,5 мың кәсіпорында 215 мыңнан астам жалдамалы жұмысшы еңбек етуде. Олардың орташа айлық еңбекақысы 116,5 мың теңгені құрайды.
– Өңірдегі жалпы қарыздың көлемі 96 миллион теңгені құрайды. Үш кәсіпорын 377 жұмысшыға 24,8 миллион теңге қарыз. Сондай-ақ, банкротқа ұшыраған және оңалту шаралары жүргізіліп жатқан кәсіпорындар қарызының мөлшері 10,5 миллион теңге. Бұл жағдайды жергілікті әкімдік, прокуратура және мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы бақылауға алуы керек. Ал еңбекақысы аз жұмысшылардың айлығын өсіру өңірде нәтижелі орындалуда. Мәселен, былтыр кәсіпорындарда ең төменгі жалақының мөлшері 34 мың теңге болса, қазіргі таңда 49 мың теңгеге жетті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыстың 13 кәсіпорнында 54 көпбалалы отбасының өкілі еңбек етеді. Олардың 41-інің жеке баспанасы жоқ. Осы орайда министр кәсіпорын басшыларына аталмыш азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
* * *
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық әкімдікте өткен жиналыста “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” – “Серпін – 2050”, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы әңгіме арқауына айналды. Бұл алқалы жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер, оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандар қатысты. Сондай-ақ, жиынды бейнеконференция арқылы еліміздің тоғыз облысының өкілдері тікелей тамашалады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Мәңгілік ел” идеясының шеңберінде өмірге келген “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” – “Серпін – 2050” жобасының Қазақстанның бүгіні мен келешектегі дамуына қосатын өзіндік әлеуметтік және экономикалық үлесі бар, – деді жиналысты ашқан Гүлшара Наушақызы. Жобаның әлеуметтік маңызы зор, ол оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жағдай жасап, демографиялық өсімі жоғары өңірлер тұрғындары, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге жәрдем беру, сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына мемлекеттік грант есебінен білім алу мүмкіндігін тудыру. Ал экономикалық маңызына келсек, мемлекеттік индустриялдық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістер жұмыс күшімен, ұлттық кадрлармен қамтамасыз етілмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 2014 жылдан бастап елімізде “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” – “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің аймақтарындағы (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің солтүстік, шығыс өңірлеріне үш мыңнан астам отбасы қоныс аударған. Бүгіндері олардың төрттен үші баспанамен қамтамасыз етілген. Халқы тығыз, жұмыс күші көп оңтүстік және батыс облыстардың отбасыларына сапалы білім алуға, еңбекке араласуға, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік туды. Алайда, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында кемшіліктер де жоқ емес, оны орталық және жергілікті билік органдары бірлесіп шешуде.
Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова “Серпін” бағдарламасы шеңберінде білім алатын жастардың қатары соңғы жылдары қалыңдағанын алға тартты. Былтырдан бастап барлық оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік білім гранттарының он пайызы серпіндіктерге берілуде. Олардың басым бөлігі медициналық, техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандық алуда. Қазіргі негізгі міндет – оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту. Жас мамандарды еңбекке араластыруда жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілермен келісімшарттарға отырып, үйлестіруші болуы тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгіндері облысымызда еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен келген 1254 жас білім алып жатыр, олардың 1082-сі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері. Бағдарлама бойынша бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Студенттердің барлығы тегін жатақханамен, стипендиямен, үйлеріне барып-келуге жұмсайтын жолақымен қамтамасыз етілген. “Еңбек” бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылдары өңірімізге құрамында 2800-ден астам адамы бар жеті жүздей отбасы көшіп келді. Бүгіндері олардың басым бөлігі жұмысқа орналасып, білім алуда, жеке шаруашылықтарын ашып отыр. Биыл бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табады.
– Осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысынан Жамбыл ауданына отбасыммен көшіп келдім. Алғашында бәрі жақсы болды деп айтсам ешкім сене қоймас. Ең бастысы, баспанамен қамтамасыз етті. Қазір жұбайым екеуіміз еңбек етеміз, ұш ұлымыз бар, – деді Маржан Уәлиева. Ол бүгіндері өзінің жеке шаруашылығын ашып, мал басын 180-ге жеткізген. Монша, химиялық тазалау орнын ашқан. Енді құрылыс материалдарын шығаратын цех құрмақ. Осы жылдар ішінде Түркістаннан жиырмадан астам отбасын Қызылжар өңіріне көшіріп әкелген. Бүгіндері олар бірігіп тұрғын үй құрылысымен айналысуды жоспарлап отыр.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жұмагүл Серікова “Серпін” бағдарламасы шеңберінде азық-түлік өндірісінің технологы мамандығын игеріп жатыр. Биыл қолына диплом алатын жас маман қазір “Шаров” жеке кәсіпкерлігінде тағылымдамадан өтуде. Ол өзінің болашағын солтүстік өңірмен тығыз байланыстыратынына сенімді.
Тікелей байланыс режімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салды.
– Бүгін маңызды әрі пайдалы кездесу болды деп ойлаймын. Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттары бойынша жиналыста айтылған барлық ұсыныстар біз үшін маңызды. Оларды алдағы жұмыс барысында шешуге тырысамыз, – деді жиналысты қорытындылаған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

* * *
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Аққайың аудандық ауруханасында болды.
Бүгінгі таңда біздің өңірде дәрігерлер тапшы. Қазір облыстағы ақ хаттылар саны – 1402, қосымша тағы 225 медициналық маман қажет. Ал Аққайың ауданында отыздан астам дәрігер тұрғындарға медициналық көмек көрсетсе, жалпы тәжірибедегі екі дәрігер мен кардиолог маманның орны бос тұр. Елжан Біртанов кадр тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, медициналық қызметкерлердің еңбекақысы көбейіп жатқанын алға тартты.
2018 жылдан бастап ауылға жұмыс істеуге келген дәрігерлерге жергілікті бюджеттен бір жарым миллион теңге көтермеақы берілуде. Былтыр 40-тан астам жас маман жұмыс істеуге келсе, оларға енді тұрғын үй беру мәселесі де қарастырылуда.
Жұмыс сапары барысында Елжан Амантайұлы аудандық аурухананы аралап, емдеу мекемесінің медициналық құралдармен жабдықталуына баса мән берді. Сонымен қатар ұжыммен әңгімелесіп, дәрігерлердің қабылдауына келген тұрғындардың хал-жағдайын сұрады.
Кездесуде министр жыл соңына дейін әр дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуды тапсырды. Бұл дәрігерлердің науқастарға көп көңіл бөлуіне және олардың денсаулығына сапалы мониторинг жүргізулеріне мүмкіндік береді. Жиын барысында “Жедел жәрдем” қызметіндегі жаңашылдықтар да ескерусіз қалмады. Елжан Біртановтың айтуынша, өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің елімізде тұрғындардан “Жедел жәрдем” қызметіне қоңырау көп түседі. Бұл науқастар санының көптігін емес, тұрғындардың кез келген мәселе бойынша медициналық мамандардың көмегіне жүгінетінін аңғартады. Ал “Жедел жәрдем” қызметі тек ауыр науқастарға ғана шақыртылуы тиіс екенін айтқан министр медициналық бригадалардың жұмысын сынға алды. Ол науқастарға емханада барлық жағдай жасалып, медициналық ұйымдарда кезек саны қысқаруы тиіс екенін еске салды.

* * *
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарында болды.
Министр Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа барып, педагогикалық ұжыммен кездесті. Министр оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтарға оң баға берді. Қазіргі таңда мұнда 385 бала білім алуда, соның 220-сы интернатта тұрады. Ауылдардан келіп, білім алып жатқан өрендерге барлық жағдай жасалған.
– Ауылдың баласы қалаға оқуға келсе, оған орын тауып беру керек. Ал қалада тұратын балаларды интернатқа орналастырудың қажеті жоқ. Өйткені, бала ата-анасының жанында болғаны жөн. Егер балаға отбасында дұрыс тәрбие берілмесе, онда біз тиісті жағдайды жасауымыз керек. Ал әке-шешесі жанында бола тұра баланы отбасынан алшақтату дұрыс емес, – деген Күләш Ноғатайқызы кездесу соңында ұстаздар мен шәкірттерге жақсылық тілеп, олардың жоғары жетістіктерге жететіндеріне сенім білдірді.

Гүлбике КУБЕНОВА,
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp