Аға буын өкілдері қашан да қоғамдық өмірге белсене араласып, еліміздегі маңызды оқиғалар мен игі бастамаларға үн қосып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кезекті отырысында ұйым төрағасы Ескендір Елеусізов республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі осы жылдың 9 маусымында Президент сайлауы өткізілетінін бірауыздан қолдап, үндеу жариялағанын айта келіп, жиналғандарды ел болашағы үшін маңызы зор саяси науқаннан тыс қалмауға шақырды.
Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманғали Қожахметов өз сөзінде кадрларды, әсіресе, жаңадан сайланған ардагерлер ұйымдары төрағаларын оқытуға баса көңіл бөліп отырғанын айтты. Аудандық кеңес оқу орындарымен, жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Егде жастағы азаматтар арасында спорт жарыстарын өткізу дәстүрге енді. Мұндай бірлескен жұмыс өз жемісін беріп отыр.
Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының төрайымы, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысқан топ жетекшісі Әдия Ахметова айтып өткендей, бұл ұйымның ісінде оң нәтижелермен қатар кейбір шешімін күтіп тұрған түйінді мәселелер де бар. Аудандық ардагерлер кеңесінде 8545 зейнеткер есепке алынса, солардың тоғыз жүзден астамы Бескөл ауылында тұрып жатыр. Алайда, мұндағы ардагерлерді есепке алуға, бастауыш ұйымдарға әдістемелік көмек көрсетуге, олардың озық тәжірибелерін насихаттауға жете көңіл бөлінбей келеді.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников Жеңістің 74 жылдығына арналған шаралар жайында сөз қозғады. Ол көптомдық “Жеңіс жауынгерлері” кітабын шығаруды жалғастырып, оны тың деректермен толықтырудың маңыздылығын атап көрсетті. Сондай-ақ, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аудан орталықтарында майдангерлерге арнап ескерткіш тақталар орнату да күн тәртібінде тұр. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы билік орындарының қолдауымен қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарын жұмылдыра отырып атқарылуы тиіс.
Жыл өткен сайын кешегі қан майданға барып, ел қорғаған ерлердің қатары сиреп барады. Мәселен, Қызылжар ауданында бұл күні төрт-ақ майдангер қалыпты. Олардың ерлігін келер ұрпаққа үлгі етіп, отаншылдық тәрбиенің өзегіне айналдыру – алдыңғы толқынның парызы.
Отырыста сөз алған Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерімен жұмыс бойынша тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Құсман Бегалинов “Жас арлан” әскери-патриоттық клубында бір жүзден аса жасөспірім шыңдалу мектебінен өтіп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, Анатолий Азегов жетекшілік ететін “Саланг” клубының да осы бағыттағы ауқымды істері жұртшылыққа мәлім.
Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Ирина Тухватуллина 19 сәуірде “Еске алу вахтасы” тобы кезекті жұмыс сапарына аттанатынын айтты. Ескендір Елеусізов облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өңіріміздегі әскери-патриоттық тәрбие клубтары туралы қысқаметражды фильм түсіру жоспарланып отырғанын айта келіп, бұл игі іс ішкі саясат, жастар саясаты, білім басқармалары тарапынан қолдау табады деген сенімін білдірді.
Марат ЕРМҰҚАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.