
Арада қанша жыл өтсе де отты жылдардың жарасы әлі жазылған жоқ. Бірін асыл жарынан, бірін бауыр еті баласынан, енді бірін асқар тауы әкесінен айырған сұм соғыста қаза тапқан қаншама тағдыр қыршынынан қиылды. Ұлы Отан соғысынан қара қағаз алып, қайғы құшқан отбасылар өз алдына, із-түссіз жоғалып кеткендер қаншама?
Жауынгерлер туралы тың деректерді іздеп табу үшін “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері Ресейдің Новогород облысына аттанды. Майдан даласында өлім құшқан жауынгерлерді іздеуге аттанған топқа жақындары сәттілік тіледі.
“Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов іздеу тобында жеті адам бар екенін және олар екі апта бойы орманда қазба жұмыстарын жүргізетінін айтты.
– Елімізді жаудан қорғаған майдангерлерге тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сондықтан еске алу вахтасына қатысып, өзімнің азаматтық борышымды өтеуді жөн көрдім. Бұған дейін де іздеу тобымен сапарға шыққан болатынмын. Биыл да осындай игі істен қол үзбей, патриоттармен бірге жолға шықтым, –дейді топ мүшесі Дмитрий Шувакин.
Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер “Саланг” әскери-патриоттық клубының музейінде сақталады. Қазір онда екі мыңнан астам жауынгер заттары сақталған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Солтүстік Қазақстан”.