«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТТІ

– Соңғы күндері Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі жоғарылауда. Бүгінде нысан 113,5 пайызға толып, су шекті белгіден 80 сантиметрге асты. Бұған өткен аптада ауа райының күрт салқындауының да әсері болды. Ал келесі апта жауын-шашынды болады. Сондықтан көктемгі су тасқынынан қауіп күшейе түседі, – дейді “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.

Өзеннің арнасынан асуы салдарынан “Челябі – Новосібір” бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолдың бір бөлігін су басты. Жүргіншілер енді айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр болуда. Сондай-ақ, Қызылжар ауданындағы Новоникольское елді мекенін жалғайтын көпір су астында қалды.
Облыс орталығындағы Заречный кентіне де қауіп төнуде. Мәселен, соңғы күндері Былғары зауыты маңындағы саяжай учаскелеріне су кіре бастады. Атап айтқанда, “Элегия” мен “Электрон” саяжайлары су астында қалуы мүмкін. Осыған байланысты Заречный кентіне жақын маңдағы автожолда көліктердің жүруіне шектеу қойылды. Есіл ауданындағы Покровка, Николаевка және Өрнек ауылдары құтқарушылардың бақылауына алынған.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, барлық қауіпті аймақтарда құтқарушылар мен тәртіп сақшыларынан жасақталған топтар тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
– Қазіргі уақытта Сергеевка су қоймасында 790 миллион текше метр су бар. Инженер-гидротехниктер жұмысты жалғастыруда. Жыл сайын су тасқынынан зардап шегетін Былғары зауыты шағынауданының тұрғындарына биыл алаңдауға негіз жоқ. Өткен жылы тұрғызылған бөгет кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алады, – дейді Рамиль Фаткулович.
Департамент бастығының айтуынша, Есіл өзенінің бойындағы 18 ауыл құтқарушылардың бақылауына алынған.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp