Баспасөз беттерінде мұғалім беделі және шәкірт тәрбиесі тақырыбында мақалалар жарияланып жүр. “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” демекші, әрбір ата-ана үшін баласы ардақты болғанымен, тәрбие одан да қымбат болуы тиіс. Тәрбиесі жоқ шәкіртке жақсы ұстаздан пайда жоқ. Яғни, әр баланың ең бірінші ұстазы – оның ата-анасы, атасы мен әжесі. Олар балаға, ең алдымен, мұғалімді сыйлап, мектепті екінші үйі ретінде қабылдауды үйретулері керек.
1950-1956 жылдар аралығында облыс орталығындағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз №5 Калинин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатында білім алдым. Осы аралықта мектеп басшылығында Мәжікен Ғаббасов, Қабдөш Қалиев, Ғалым Хамзин сияқты азаматтар болды. Сондай-ақ, Шәміл Құсайынов, Мәриям Мырзатаева, тағы басқа мұғалімдер сабақ беріп, бізді білім нәрімен сусындатты. Білім беріп қана қоймай, ата-анамыздай тәрбиелеп, сыйластыққа, адамгершілікке, тағы басқа жақсы қасиеттерге баулығандары көз алдымызда. Ол кездегі мұғалімдерімізді еске алғанда, есімізге бірден киім үлгісі, жүріс-тұрыстары қазіргіден әлдеқайда өзгеше адамдар келеді. Олар әрбір сөзімен, ісімен бізге үлгі көрсететін. Ұстаздарымызды әке-шешеміздей сыйлап, құрмет тұтатын едік.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мұғалімдерден: “Балалар бізді сыйламайды. Айтқанымызды тыңдамайды”, – деген сөздерді жиі еститіміз. Мұны қазіргі жас мұғалімдердің жүріс-тұрысымен, мінез-құлықтарымен де түсіндіруге болады. Баланы сыйластыққа, құрметке үйреткісі келетін педагог алдымен өзін сыйлата білуі керек емес пе?!
Әрине, бала тәрбиесі аса күрделі әрі жауапкершілікті талап ететіні айтпаса да белгілі. Сондықтан осы ретте ата-аналар мұғалімдермен тығыз байланыс орнатып, ортақ мәселені ақылдаса отырып, шешкендері жөн. Сонда ғана бала мектепті өз үйіндей көріп, тәртібіне мән беріп, оны кемел келешекке біліммен жетелейтін ұстазын ата-анасындай сыйлайтын болады.
Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ, еңбек ардагері.