«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕКЕНІ ТІРКЕУДІҢ ТИІМДІ ӘДІСІ

Елімізде “Электронды үкімет” порталын құру идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында жария еткен еді. Содан кейін 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының “Электронды үкімет” қызметін дамыту бағдарламасы қабылданды, онда базалық инфрақұрылымын және оған қол жеткізу механизмдерін біртіндеп кеңейту мен дамыту міндеттері қойылды.
Отбасын құратын жастар некені тіркеу туралы өтінішті интернет арқылы бере алады. Ол үшін некеге тұрушылар Қазақстан Республикасының азаматтары, қиылатын неке болашақ ерлі-зайыптылар үшін бірінші болуы керек, некені тіркеуге өтініш берушілердің сайтта мемлекеттік бажды онлайн төлеуі үшін банк картасы қажет.

Некеге тұрушылар ЭЦҚ немесе бірреттік құпиясөзбен куәландырылған электронды өтініш бере алады. Бұл қызмет тегін, бірақ некені тіркеу үшін өтініш беру сәтінде бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді.
Онлайн өтініш АХАТ бөліміне түскен соң сол бөлімнің маманы бірден некені тіркеу күні мен уақыты көрсетілген хабарламаны ресімдейді. Белгіленген уақытта жастар өздерімен жеке басын куәландыратын құжаттарын алып, некені тіркеу үшін келуі қажет.
Некені тіркеуге тілек білдірген тұлғалар мекенжайына қарамастан кез келген АХАТ органына өтініш бере алады. Аталған қызметті пайдаланудың артықшылығы – болашақ ерлі-зайыптылар АХАТ органына жүгінбей, бөлек немесе бірге, әлемнің кез келген жерінде жүріп-ақ өтініш бере алады.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Солтүстік Қазақстан облысының АХАТ органдарына “Электронды үкімет” порталы арқылы 208 өтініш түсті. Аталған қызмет халық арасында кең таралуда, сонымен бірге әкімшілік кедергілерді жоюға септігін тигізеді.
Қазіргі уақытта “Электронды үкімет” порталы Қазақстанның жеке және заңды тұлғалары үшін еліміздің заңнамалары туралы, көптеген мәселелер бойынша түпкілікті ресми ақпарат алатын, салықтар мен айыппұлдарды онлайн режімде төлейтін жалғыз ресурс болып саналады.
Бұл порталда экономика, білім беру, мәдениет, еңбек, денсаулық сақтау, спорт, туризм және басқа салалар бойынша бірнеше тақырыптық бөлімде ұсынылған екі мыңнан астам ақпараттық қызмет көрсетіледі.
Сонымен бірге “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде АХАТ органдарына баланың тууы туралы куәлігін алуға интернет арқылы өтініш беруге болады. Аталған қызмет SMS-хабарламаға жауап көмегімен үйден шықпай-ақ баланың тууы туралы куәлігін рәсімдеуге, баланы бала-бақшаға кезекке қоюға және жәрдемақыны алуға мүмкіндік береді. Бұл қызмет азаматтардың мобильдік базасында тіркелген аналар үшін тегін көрсетіледі.
Біздің елімізде “Электронды үкімет” порталы жақсы дамып келеді, жоғары сұранысқа ие жүйе ақпараттық технологияларды, атап айтқанда, интернетті қолданып, қызмет алудың ең қолжетімді құралы болып отыр.

Елена ЕПИХИНА, облыстық әділет департаментінің бас маманы, Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp