
Әрбір адам төтенше жағдайға тап болуы мүмкін. Адамдар су тасқыны, жер сілкінісі мен өрттен көп жапа шегеді. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу туралы “Қызыл Ай” қоғамы облыстық филиалының өкілдері колледж,мектеп оқушыларымен кездесу барысында айтты.
“Қызыл Ай” қоғамы облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова жеткіншектерге төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарға және қоғамның әлжуаз топтарына көрсетілетін көмек туралы әңгімеледі. Балалар мен ересектерді төтенше жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтауға үйрету филиал қызметкерлері мен еріктілерінің негізгі міндеті болып саналады. Кездесуде №14, 4, 23 орта мектептер оқушылары мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері төтенше жағдайлар жөнінде білімдерін толықтырып, викториналық сұрақтарға жауап берді.
Ұйымдастырушылар көктемде тұрғын үй секторында, саяжайларда өрт қаупі жоғары екенін атап өтті. Сондықтан олар балаларды қауіпсіздікті сақтауға, өздері мен жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырып, оқыс оқиға кезінде құтқару қызметтерінің телефонына қоңырау шалу қажет екенін ескертті. Филиал қызметкерлері “Қызыл Ай” қоғамында еріктілердің жұмысын үйымдастыру мәселесіне де назар аударды.
– Бізге адамдарға көмек қолын созатын, ұйымның жобасына қатысатын белсенді жастар қажет, – деді Сәуле Бекқожақызы.