Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Президент лауазымына өз кандидатын ұсынды.
Алғашында кәсіподақтан екі адам – Федерация төрағасының орынбасары Мұқтар Тінікеев пен Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов ұсынылған болатын.
Алайда «Мемлекеттік тілді білу деңгейім осынау маңызды лауазымда боларлықтай жақсы деп айта алмаймын», — деп Мұхтар Тінікеев сайлауға түсуден өз еркімен бас тартыпты.
Осылайша жалғыз қалған кандидат Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы 1959 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мамандығы инженер-механик, еңбек жолын Алматы көлік құрастыру зауытында инженер-технолог болып бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда жұмыс атқарып, бизнес-құрылымдарда еңбек еткен. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаты болған.