«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ — ТАЛБЕСІКТЕН

Біздің колледж ұстаздары сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұрпақ бойында ұлтжандылық пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыруға көп көңіл бөліп отыр. Өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, елжанды, отансүйгіш тұлғаларды тәрбиелеп шығару мақсатында Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Инабат” және “Менің отбасым” үйірмелері жұмыс істейді. Жуырда “Менің отбасым” үйірмесінің мүшелері “Отбасы институтының маңызы және ұлттық құндылықтарды сақтау” тақырыбында шара өткізді.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарайтын, отбасы алдындағы жауапкершілікті жіті сезінбейтін жандар қатары қалыңдап барады. “Дөңгелек үстел” басына жиналған ұл-қыздар осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітті. Олар халқымыздың ұлттық құндылықтарын сақтаудың артықшылықтарына тоқталды. Патриоттық тәрбие тақырыбын да ұмыт қалдырған жоқ. Ардагер ұстаздар Күләш Шәріпова мен Павел Тихонов жастардың отбасы тақырыбына қатысты қойған сауалдарына жауап берді. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті. “Бала отбасында тұлға болып қалыптасады. Сондықтан бұл ортада махаббат, құрмет, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерге орын берілуі тиіс. Жаһандану заманында ата-аналардың көбі батысқа еліктеп, балаларының заманға сай өсіп-өнгенін қалайды. Бірақ тәрбиенің қазығы ұлттық құндылықта екенін ұмытпағанымыз жөн”, – деді Күләш Оспанқызы.
Жиын барысында ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, ер-азаматтардың бала алдындағы жауапкершілігі тақырыбында түрлі пікір айтылды. Колледж психологы Гүлмира Аюпова оқу орны қабырғасында жиі өткізілетін “Отбасылық тәрбие мәселелері” тренингінде отау құрғалы отырған жастарға ақыл-кеңес берілетінін жеткізді.

Бақытгүл СОЛТАНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp