«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КЕЛІНГЕ КЕЛІН БОЛСАҢ, ЖАҒАСЫҢ»

Көршіміз Гүлзейнеп апай жан дегендегі жалғыз келінінің босанғанын сүйіншілеп, ауылдың нәзік жандарын бірін қалдырмай, шілдеханаға шақырды. Өйтпегенде қайтсін? Бұл қуанышты аттай он жыл бойы күткен еді. Алла сабырлының жағында деген сөз рас екен, шекесі торсықтай ұл келді өмірге. Ауылда мұндай жиынның өтпегеніне біраз болып еді. Көптен көріспеген ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектер бір-бірлерінен амандық-саулық сұрасып қауқылдасып жатыр. Осындай абыр-сабырдың үстінде төрде үнсіз отырған Сәлима әжейге көзім түсті. Өңі бозарып, жүдеп қалғандай көрінді көзіме. Қайсібіркүні ауруханаға түсіп қалғанын естіген едім. Көңілін сұрау үшін жанына бардым.

– Еее, Гүлайна, жағдайымды несін сұрайсың? Құс қанатының көлеңкесінен де суық тигізіп алатын жастамын ғой. Қартайған бір басымда бір емес үш ене бар, – деді ол, – үшеуінің қасы мен қабағына қараймын деп әбден зәрезап болдым.
Алғашында “үш енесін” түсінбей қалдым. О несі екен? дегендей сұраулы жүзбен қарағаным да рас. Жанын меңдеген дертінен қажыған әже жансақ айтып тұр екен деп ұқтым. Сөйтсем, үш енесі емес, үш келіні бар екен. Үшеуі жетпістен асқан кейуананы келінше жұмсайтын көрі­не­ді. Осыны естігенде жаным ауырды. Не деп жұбатарымды білмей, аузыма түскен “шыдаңыз” деген сөзді қайталай бердім.
– Қолымды жылы суға малып отырамын деген арманымның күлі көкке ұшты. Керісінше, қазір қайсысының үйіне барсам да ас-суын дайындап, балаларына қарасып, сәкісін жуа саламын. Балаларымның перзенттерін бағудан қашпаймын. Олар осы еңбегімді бағаласа нетті? Таңнан кешке дейін бала қарап отырғанымды елемей, үйдің тірлігіне жұмсайды. Тамақ пісірулі, үй жинаулы болмаса қабақтарын шытады. Қазір келінге келін болсаң ғана жаға­сың, шырағым! – деді ол әңгіме арасында.
Иә, бұл бір ғана Сәлима әжейдің басындағы жағдай емес. “Бала-шағамды жеткіздім, немерелерімнің тәтті қылықтарына сүйсініп отырар жасқа келдім” деген көп аналардың жандарын жабырқатып жүрген мәселе. Жастардың мұндай бейәдеп қылықтары, кесір мінездері ұлттық тәрбиенің әлсірегенін көрсеткендей. Рас, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, қайын атасы мен қайын енесін туған ата-анасындай құрметтеп, қолдарын жылы суға малып отырғандар аз емес қой. Десек те, көп жағдайда қариялар бас қосқан кеңестің негізгі тақырыбы – кенеусіз кеткен келін мәселесіне келіп тірелетінін жасыра алмасақ керек. Келінді айтпағанда, анасын мұндай халге душар еткен жігіттердің намысы қайда дейсің? Тіпті, кейде бір әйелге сөзін өткізе алмайтын босбелбеулерден көңілің қалады.
Бұл жерде мен келіндердің бәріне бірдей қара күйе жаққалы отырған жоқпын. Олардың теріс әрекеттері жайлы айтқанда үлкендердің де тәрбиесін айналып өтпеуіміз керек. Осы орайда қазақтың әлімсақтан келе жатқан жөн-жоралғысына, ырым-тыйымына баса мән берген абзал сияқты. Ержеткен ұл да, бойжеткен қыз да тәлімді тәрбиені ұшқан ұясынан алады емес пе?
“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген қанатты тәмсіл бекер айтылмаған. Адуынды, бірбеткей әйелдердің еркекке үстем­дігін көрген қыз жас отауға келін болып түскеннен кейін дәл солай істейді. Мен отбасының ұйтқысы емес, әмір­ші­сімін деп ұғады. Босағадан аттасымен билеп-төстегісі келеді. Егер ұлың келіннің сөзін сөйлеп кетсе, онда көңіліңнің құлағаны, жарық сәулеңнің өшкені. Ал екеуі де есті болса, Алла­ның бергені. Сондықтан ұл мен қызды ата-бабаларымыздан бүгінге жалғасып келе жат­қан халқымыздың ұлттық құндылықтары негіздерінде қатар тәрбиелеген дұрыс.
Өзім Мамлют ауданындағы Покровка ауылында тұрамын. Мен тұратын көшенің арғы бетіндегі жатаған үйде жалғызбасты ана тұрып жатыр. Үш ұлы бар деп еститін едім. Үшеуінің де жағдайы жақсы, үй-жайлы екен. Бір өкініштісі, келіншектері енелерін сыйдырмапты. Сонда мейлі оның мінезінің шәлкеулігі болсын, жасын, басын сыйлап, жан жарымның шешесі ғой, қасымда қашанғы болар дейсің деген ниеттегі бір келіні болмай тұр ғой. Бір күні әңгімеге тартып, балалары жайлы сұрадым. Үлкені – дәрігер, ортаншы ұлы – кәсіпкер, кішісі өнер саласында қызмет істейді екен. “Еріккеннен жалғыз жүр дейсің бе? Келіндерім жаман болып шықты. Үйлеріне кіргізгісі келмеді. Қанша ғұмырым қалды дейсің? Балаларымның бақыты үшін шыдаймын. Басқа амалым жоқ”, – деді ол. Осындайда ақын Төлеген Айбергеновтің “Маған, тіпті, сөз келмейтін ұяттардан қызарам” деген сөзі ойға оралады.

 

Гүлайна ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ, Мамлют аудандық кәсіпкерлік  және ауыл шаруашылығы бөлімінің аудармашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp