Петропавлда “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйге әлі күнге дейін коммуналдық желілер толығымен тартылмағандықтан, 144 отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алмай отыр.
Көпқабатты тұрғын үй Жамбыл көшесі, 53 мекенжайында орналасқан. Салымшылардың айтуынша, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының басшылығы өткен жылдың соңында пәтердің кілттерін табыстауға уәде берген, бірақ әлі күнге дейін жағдай өзгеріссіз күйде. Салымшылар болса, бірнеше айдан бері 50-60 мың теңгенің несиесін төлеуге мәжбүр.
Белгілі болғандай, 1,5 млрд. теңгеге тұрғызылған жаңа нысанға коммуникациялық желілер толық тартылмаған. Қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінің бас маманы Жанат Есләмовтың айтуынша, қазіргі уақытта су құбырларын, электр сымдарын тарту, кәріз жүйесін жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл келеңсіз оқиғаны облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз бақылауына алды. Жуырда өңір басшысы “Facebook” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көпқабатты тұрғын үйдің иелеріне шығындардың қайтарылатынын жазды.
“… Баспана иелеріне көмек беруді ойластырып жатырмыз. Олардың шығындары қайтарылатын болады. Барлық инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту 20 мамырға дейін аяқталады”, – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.