«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Республикалық және халықаралық сайыстарда еліміздің және Қызылжар өлкесінің намысын абыроймен қорғап жүрген жерлесіміз, жас талант Әділхан Макиннің жуырда Қазақстанның көк байрағын тағы бір мәрте желбіреткеніне куә болдық. Оның “Славян базары – 2019” халықаралық фестивалінде әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан кіл мықтылардан дарынымен озып, Гран-приді жеңіп алғаны барша қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Осыдан төрт жыл бұрын аталмыш фестивальдан Димаш Құдайбергеннің бас жүлдемен оралғаны, 2017 жылы Ернар Садырбайдың бірінші орынды жеңіп алғаны есімізде.

Әділхан қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнерге кездейсоқ келмеді. Жастайынан ән айтуға құмар болды. Оның анасы заңгер, әкесі әскери салада қызмет атқарады. Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте білім алған ол түрлі ән байқауларына қатыса жүріп, сахнада өзін еркін ұстауға, дауыс ырғағына сай келетін әндерді таңдауға машықтана бастады. Оны әр кез әнші болсам, үлкен сахналарда өнер көрсетсем деген ой мазалап, биіктерге жетеледі. Өзі бір сұхбатында: “Аузы жыбырлағанның барлығы бірдей көмейіне бұлбұл ұя салған әнші атанбайтынын түсініп, арман жолында көп тер төгуді, ізденуді, хас өнердің нағыз шеберлерінің жүріп өткен жолдарын зерттеуді ұғындым”, – деген болатын. Осыдан-ақ оның бұл жеңіске адал еңбектің арқасында қол жеткізгенін түсінуге болатындай.

Мектепті тамамдағаннан кейін Петропавлдағы өнер колледжінің академиялық вокал мамандығына оқуға түсерде кәсіби ұстаздар жас таланттың кең тыныстылығын бірден аңғарып, оң баға берген екен. Мамандардың тәлім-тәрбиесін көрген ол осыдан кейін үлкен сахналарға шығып, небір талантты өрендермен бақ сынауға мүмкіндік алады. 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Жас қанат” байқауы жас әншінің елордаға барып, өнер майталмандарының алдын көріп, сабақ алуына мүмкіндік тудырды. Аталмыш ән бәйгесінің дипломанты атанған ол келесі жылы “Шабыт” халықаралық байқауына қатысуға бел буып, екінші орынды қанжығасына байлайды. Әділханның бүгінге дейінгі үлкен жеңістерінің бірі – “Қазақстан дауысы” республикалық байқауында ақтық кезеңге дейін сүрінбей жеткені.

Жас болса да, өнер жолында талай биіктерді бағындырып үлгерген Әділхан Макин бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Эстрада өнері” факультетінде 4-курста оқиды. Ол тілшілерге берген сұхбатында “Славян базары – 2019” байқауына қатысу оңайға соқпағанын айтты. Жерлесіміз үлкен саxнада Абай Құнанбаевтың “Көзімнің қарасы” әнін орындады. Шетел сахнасына ұлы ақынымыздың әнін алып шығуы оның ұлттық өнерімізге, әдебиетімізге деген құрметі екені сөзсіз. Фестивальда Беларусь, Ресей, Германия, Швейцария, Болгария, Мальта, Израиль, Қытай, Латвия, Украина, Польша, Литва, Грузия, Армения, Молдова секілді елдердің беткеұстар эстрада әншілері бақ сынаған еді. Ол екі тур бойы көш бастап, қатарластарынан суырылып алға шықты. Бұл жеңіс – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Екі күнге созылған фестивальда кәсіби орындаушылық деңгейімен қатар актерлік шеберлігімен де көпшіліктің көзайымына айналған Әділxан Макин қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің көңілінен шығып, үздік атанды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp