
“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер əйелдер кеңесі Азия даму банкімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы “Скиф” қонақүйінде “Ауылдық жерлерде əйелдер кəсіпкерлігін дамыту” тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Шара барысында кəсіпкер əйелдерге Маңғыстау облысынан келген бизнес-тренер Шолпан Түсіпбекова мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері қаржылық сауаттылықты арттыру тетіктері және бизнесті дамыту жолдары бойынша ақыл-кеңестерін айтты. Бүгінде жеке ісін ашамын деушілерге мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер ұсынылуда. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл мүмкіндікті пайдаланып, мол табысқа кенеліп отырған нәзік жандар аз емес. Ал біздің өңір бұл тізімде ең соңғы орында келеді. “Қыз-келіншектер өздерінің кәсіптерін ашудан қорықпауы керек. Қазір қаншама гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Өзім де жиырма жыл бұрын басымды тәуекелге тігіп, бизнеске бет бұрған едім. Көптеген қиындықтар кездесті. Бірақ табандылық пен еңбекқорлықтың, өзгелерге деген адалдықтың арқасында жақсы жетістіктерге жеттім”, – деді Шолпан Түсіпбекова.
Семинарда ұзақ жылдар бойы бизнеспен айналысып келе жатқан қыз-келіншектермен қатар жеке ісін жаңадан бастаған нəзік жандар да төбе көрсетті. Солардың бірі Есіл ауданынан келген Жұлдыз Жолдаяқова Явленка ауылында балалар мерекелерін ұйымдастыратын агенттік ашуды көздеп отыр. Екі баланың анасы ауылдық жерде балғындардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы етіп өткізетіндей арнайы орындардың жоқтығын айтады. “Біздің ауданымызда мұндай орталық жоқтың қасы. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырғым келеді. Ол үшін алдымен қаржылық сауаттылығымды арттырып, тәжірибелі кәсіпкерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түруім қажет”, – дейді Жұлдыз Жолдаяқова.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: семинарға қатысушылар.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.