
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде еліміздің дамуының он бағытын атап көрсеткен болатын. Оның бірінші бағыты Халықтың табысын арттыру деп аталады. “Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұтатын экономикалық өсім болуы тиіс”, – деген Мемлекет басшысы оны жүзеге асырудың жолдарын анықтап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымда өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, оларға уақтылы көмек көрсету мақсатында Жарлыққа қол қойды. Бұл – елімізді өрлеуге бастайтын он бағыттан туындайтын міндеттердің бірі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдаудың қосымша шарасы. Мемлекет басшысының Жарлығында көрсетілгендей, борышкер ең алдымен мынадай əлсіз топтың біріне жатуы керек:
– көпбалалы отбасылар;
– асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
– мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
– атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар;
– жетім балалар;
– ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
Екінші шарт – олардың қарызы кепілсіз болуы тиіс. Үшіншіден, қарыз алған кісінің 1 маусымға дейінгі қайтарылмаған берешегі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Төртіншіден, борышкердің негізгі қарызы мен оған есептелген сыйақысы 300 мың теңгеден артық болмауы керек.
Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың тізімін Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі жасайды. Бүгіндері бұл министрлік өздеріне тиісті тізімді жасап жатыр. Бұл тізім толық болған соң Мемлекеттік кредиттік бюроға жіберіледі. Сосын олар екінші деңгейдегі банктер жəне микроқаржы ұйымдарымен өзара ақпарат алмаса отырып, қарызы кешірілетіндердің тізімін анықтайды.
Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігіне Президент Жарлығын іске асыруға бағытталған Үкімет қаулысының жобасын əзірлеу тапсырылды. Бүгінде жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметтің қарауына енгізілді. Қаулы жобасына сəйкес азаматтардың борыш жүктемесін азайту шараларын 2 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Сондай-ақ, борышкерлер 18 қыркүйектен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жəне “egov.kz” порталынан борыш жүктемесінің азайтылуы туралы ақпаратты ала алады. Сонымен қатар екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары да азаматтармен жасалған займ шартында көрсетілген байланыс құралдары арқылы азаматтарға берешегінің азайтылғандығы туралы хабарлайтын болады.
Жарлық жарияланған күннен бастап борышкерлердің тиісті орындарға сұрақтары көбейген. “Қарызымыздың кешірілуі үшін қайда барып, қандай арыз жазуымыз керек?” деп хабарласатындардың қатары аз емес. Айтарым, борышкерлер банкке барып сабылмайды. Өйткені, Президент атаған алты санаттағы адамдардың тізімі электронды базада дайын болса, ал борышкерлердің аты-жөнін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан табу қиын емес. Сондықтан əрбір борышкер процестің аяқталуын күтіп, борыш жүктемесінің азайған, азаймағанын анықтауға уақыт бөлсе болғаны. Яғни, оны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе “egov.kz” порталынан білуге болады. Егер займ шарты отбасының екі мүшесімен жасалған болса, онда əрбір қарыз алушыға 300 мың теңгеге дейін, яғни отбасының борыш жүктемесі 600 мың теңгеге дейін азайтылады. Ал зейнеткер аталған алты санаттың біреуіне жататын болса ғана қарастырылады. Өйткені, Жарлықта көрсетілген санатқа енбейтіндер тізімге қосылмайды.
Жарлықта биыл 1 шілдеге дейін кепілсіз несие алған барлық қазақстандықтың айыппұлы мен өсімпұлын есептен шығару керектігі айтылған. Мұнда негізгі қарыз сомасын борышкер өзі төлейді. Экономистердің айтуынша, бұл жерде несиесін 90 күнге дейін кешіктірген борышкерді банк əлі де төлеу мүмкіндігі бар деп қарап, оны проблемалық борышкер деп санамайды. Ал 90 күннен асып кеткен жағдайда олар қаржы ұйымы тарапынан коллекторлық компанияларға жіберіледі. Бірақ коллекторлық компанияларға өтіп кеткендердің өсімақысы мен айыппұлы кешірілмейді, тек баланста қалғандар ғана қамтылатын болады.
Ұлттық банк Президент Жарлығын іске асыру шаралары туралы №116 қаулы қабылдады. Онда екінші деңгейдегі банктер жəне микроқаржы ұйымдары 2019 жылдың 30 шілдесіне дейінгі мерзімде есептелген (тиесілі) тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар мен өсімпұл) кешіретіндігі көрсетілген. Сондай-ақ, 2019 жылдың 2 тамызына дейін “Мемлекеттік кредиттік бюро” акционерлік қоғамына банктік қарыз шарттары бойынша кешірілген тұрақсыздық айыбының сомалары жəне 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша микрокредит беру туралы ақпаратты кредиттік бюро белгілеген нысан жəне өлшем бойынша жібереді. Бұған қоса кредиттік бюро 2019 жылдың 9 тамызына дейін Қазақстанның орнықтылық қорына əрбір қарыз немесе микрокредит бойынша кешірілген тұрақсыздық айыбының сомасы туралы ақпаратты дайындап беруі тиіс екені жазылған. Ал қор 2019 жылғы 15 тамызға дейін əрбір екінші деңгейдегі банкпен жəне микроқаржы ұйымымен осы қаулыда көзделген талаптармен кешірілген тұрақсыздық айыбының бөлігін өтеу туралы жəне екінші деңгейдегі банктердің немесе микроқаржы ұйымдарының тұрақсыздық айыбын төлеу бойынша іс жүзінде кешірілген берешегі туралы ақпаратты Ұлттық банкке ұсыну міндеті туралы ережені көздейтін келісімді жасайды. Қор 2019 жылғы 20 тамызға дейінгі мерзімде келісім негізінде Қазақстан Республикасының азаматтарына кешірілген тұрақсыздық бойынша 30 пайызды өтейді.
Мемлекет басшысы Жарлықта Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша да тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен жəне оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды тапсырды. Сондай-ақ, Жарлықта табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу керектігі көрсетілген. Бұған қоса Ұлттық банкке кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы шаралар кешенін қабылдауды бұйырды.
Алма ДӘУРЕНБЕКОВА,
Қазақстан Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан филиалы қаржы ұйымдарын бақылау бөлімінің басшысы.