«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЛЕРГИЯ “АЛҚЫМНАН” АЛҒАНДА …

Жаз келсе көп адамдардың аллергиясы қозып кетеді. Көздері жасаурап, мұрыны бітеліп, мазасызданып жүргендердің арасында кәрі де, жас та бар. Кей адамдар түшкірсе болды, өздеріне өздері диагноздарын қойып алып, денсаулығына келер қауіпті ескерместен, дәрінің де, екпенің де түр-түрін қолданып, тәжірибе жасауға кіріседі. Өкініштісі сол, кейде жөн-жосықсыз дәрі ішкен соң ауру асқынып кетеді. Дерт меңдеп, жанына батқанда­ ғана дәрігердің есігін қағады.

Жақында бір келіншек қабылдауымда болды. Ол жаз маусымын дәрі қабылдап, екпе салғызумен өткізеді екен. 36 жастағы әйел 13 жылдан бері аллергиямен ауырады. Кесел басталғанда оның аяғы ауыр бо­лған. Аллергияның алғашқы белгі­сін “сал­қын тиді” деп елемеп­ті. Босанғасын аурудан айыққандай бол­ған. Бірақ көк­тем шыға ауру қайта басталды. Өз бетінше ем алып жүрген екен. Әйтсе де, оның әсері көпке бармаған. Құрбысының кеңесімен түрлі компаниялардың шөп дәрісін ішіп, небір дәруменді қолданса да олардың ешбірінің пайдасы болмайды. Амалы таусылған соң дәрігердің көмегіне жүгінді. Бүгінде аллергияның себебін анықтау мақсатында анализдер тапсырып жатыр.

Аллергия шөптердің тозаңдануынан ғана болады деу – жансақ пікір. Ауаның ластануы, сапасыз тамақ, жүйкенің шаршауы – аталмыш дерттің негізгі себептері осылар. Адамның өңеш, жұтқыншақ, асқазанынан бастап ішек жолдарында рецепторлар бар. Олар жылдам жасалатын фаст-фуд өнімдері, газдалған сусындар сияқты тағамдардан тітіркенеді. Ұшық шығып, дене бөртіп, аллергия пайда болады. Яғни, ауру ішкі ағзаның ластануынан дамиды.­ Тіпті, үйде жүретін жануарлар да аурудың ошағы саналады. Біреулер “шөпке жақындаған жоқпын” дейді, бірақ сиыр сү­тін ішеді. Мал да сол көк шөпті жейді ғой.

Көкө­ніс­тер мен цитрустық жеміст­ерден, тәттілерден де аллергия пайда болады. Себебі, көкөністердің дені дәрінің көмегімен өседі. Ал тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану адам ағзасына зиян. Балалар арасында да аллергия алаңдатарлық жағ­дайғ­а жеткен.

Аллергияны басқа ауру түрлерімен шатастырып алатындар да бар. Мәселен, аллергиялық ринитте мұрынның шырышты қабығы қабынып, тыныс алу қиындап, адам түшкіре береді. Бұл белгілер вирустық инфекцияға ұқсас болғанымен, аллергия кезінде дене қызуы көтерілмейді. Ал дене бөртпесі асқазан-ішек жолдарының қабынуынан, ішкен астың жақпай қалуынан немесе дәрілік заттың жанама әсерлерінен болуы ықтимал.

Бала терісінің кейбір тағамдардан бөртуін де аллергия деп кесіп айтуға болмайды. Себебі, бүлдіршіннің бір-екі жасқа дейін ферменттік жүйесі дамымайды. Яғни, оның ағзасында алуан түрлі тағамды қорытатын арнайы ферменттер жеткіліксіз. Әдетте бала үш жастан асқан соң бұл проблема өзінен-өзі жойылады.

Аллергияның себебін анықтау үшін зертханада жалпы иммуноглобулин деңгейін анықтайтын анализ тапсыру қажет. Ол әдетте аллергия кезінде жоғарылайды. Азық-түліктерді тексеру, тері сынамасын алу арқылы дертті қоздырушыларды анықтауға болады.

Бұл дертті дер кезінде емдемесе, ол демікпеге айналады. Оның тұқым қуалайтын түрлері де бар. Егер ата-анасында аллер­гия болса, ауру түрінің балада пайда болу ықтималдығы 50 пайызды құрайды.

Кеселдің алдын алу үшін саламатты өмір салтын ұстануға, газды сусын­дар және тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес беремін. Ал кей тағам түрлеріне гиппоаллергендік диета сақтау қажет. Аяғы ауыр әйелдер дұрыс тамақтанып, жүктілік және бала емізіп жүрген уақытында дәрі-дәрмектерді қолдануды шектегені жөн. Аллергиясы­ бар адамдар құстың қауырсынынан жасалғ­ан жастық, жүннен тоқылған киімдер, төсеніштер, жұмсақ ойын­шықтардан бас тартқаны дұрыс.

Ал шаң-тозаңға аллер­гиясы бар адамдар ағаш гүл­деген кезде ол маңға жола­ма­ғаны жөн. Шаң-тозаң киімде жиналатындықтан, оны жиі ауыстырып отырған дұрыс. Сырттан келген соң, суға түскен жөн. Бөл­меңіз­ді жиі желдетіп, күн сайын 2-3 рет тазалап тұру керек. Егер аллергия белгісі байқалса, міндетті түрде аллерголог дәрі­герге қаралыңыз.

Надежда ИЛЬИНЦЕВА,

аллерголог.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp