
Тәртіп сақшылары “Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь” жедел алдын алу шарасының аясында қаланың шет аудандарындағы үйлер мен металл қабылдау пунктерін аралады. Шараға облыстық ішкі істер органдарының 160-тан астам қызметкері жұмылдырылды.
Рейд барысында Жұмысшы кентіндегі төрт металл қабылдау пунктіне ерекше көңіл аударылды. Оңай олжа тапқысы келетіндер металды қайдан алғанын жасырады. Тексеріс нәтижесінде серіктестіктердің біреуінің ғана лицензиясы бар екені анықталды. Қалған үш пунктің иесіне қатысты материалдар қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.

Қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту мақсатында тәртіп сақшылары аулаларды аралады. Қосымша тұрғылықты мекенжайы жоқ, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын, іздеудегі, сондай-ақ, ел аумағында заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау бойынша да жұмыстар атқарылды.
Учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған, бұрын сотты болған 185 тұлғамен әңгімелесу жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында мыңнан астам үй тексерілді. 149 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде абаттандыру ережесін бұзудың 65 фактісі тіркеліп, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыру құжатынсыз жүрген 31 адам, алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда масаң күйде жүрген 15 тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылды. Қаруды тіркеу және сақтау тәртібін бұзғаны үшін 4 кісі, тиісті тіркеусіз алкоголь өнімдерін сатқан екі адам жазаланды. 2,5 литр спирт тәркіленді.