«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРДА ЕҢБЕК ҚЫЗУ

Төрт түлігінің жайын ойлаған ауылдағы ағайын шілде туа шөп шабу науқанына қызу кіріскен болатын. Жауапты шақ басталғалы шабындыққа орақ салған Мамлют ауданының шаруалары да уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат Елиясов биылғы жоспарға сәйкес 38 мың тонна шөп шабу қажет екендігін айтады. Ауданда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде. Шаруалар жоспарды жылдағыдан артығымен орындап, шөп қорын молынан қамдап алуға ниетті.

– Жергілікті шаруалар 34 мың тонна шөпті шауып үлгерді. Қарқындары жаман емес. Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен 49 бригададағы 298 жұмысшы қас қарайғанша шабындық басында бір адамдай еңбек етуде. Ауа райы осы қалпынан танбаса, қолдағы техникамен жеткілікті мөлшерде шөп жинап алу мүмкіндігіміз бар. Шөп шабуды мерзімінде аяқтау үшін агроқұрылымдарда жұмыс күші де, техника да жеткілікті, – дейді Жанат Елиясов.

Шөптің өнімділігі жалпы облыс бойынша былтырғы деңгейде, гектарынан 4-5 центнерді құрайды. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын белсенділікпен жүргізген шаруашылықтар жоспардың 88 пайызын орындап үлгерді. Көп шаруалар шөпті шауып, жинап қана қоймай, тасымалдауды да бастап кеткен.

Техникасы жоқ ауыл тұрғындарының дені шөпті сатып алуға мәжбүр. Биыл оның бағасы әзірше белгісіз. Оның құны осы айдың соңына таман анықталып, әр өңірдің шөп дайындаушылары екі жаққа да қолайлы бағаны белгілемек. Шөп тамыз айына дейін толық шабылып болады деп күтілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp