
Ресейдегі “Мөлдір” қазақ мәдениеті Сібір орталығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әскербек Богумбаев Омбы қаласында қазақы үлгідегі астау шығаратын шеберхана ашты. Бұл орталыққа мүше қандастарымыз өзге ұлт арасында қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, қолөнерін кеңінен насихаттаумен айналысады. “Мөлдір” орталығының белсенді мүшесі ретінде осы игі істің бел ортасында жүрген Әскербек те соңғы 3-4 жыл бойы қазақтың астауын жасауды армандаған екен.
Бірақ бұл шаруаның мән-жайын терең білмегендіктен, әрі қолында қажетті қаржысы болмағандықтан, кәсіпті бастау мерзімі жыл өткен сайын кейінге шегеріле берген. Ал былтыр Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен “Отандастар” қоры бірлесіп Омбы қаласында өткізген кіші құрылтайда Әскербек Әнуарбекұлы ағаштан астау, тостаған және басқа да қазақы үлгідегі ыдыс жасаудың жілігін шағып, майын ішкен шебер, “Жусан” халықаралық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Тоғайбай Рысбекпен танысады. “Іздегенге – сұраған” дегендей, орда бұзар жастағы жігіт қолөнершіден дәріс алып, ағаштан астау жасаудың қыр-сырын терең меңгереді. Кейіннен “қолынан осы іс келеді-ау” деген деңгейге жеткенде, екі-үш адамды жұмысқа қабылдап, ұстазының көмегімен цех ашып, кәсібін бастап кеткен.
Бұл өндірісті ашуға Әскербек 6 мың АҚШ долларындай өз қаржысын жұмсаған екен. Қаржының басым бөлігі станок сатып алып, оны Талдықорғаннан жеткізуге жұмсалған. Бірақ құйылған қаржы артығымен ақталатынына сенімді. Өйткені, өндірісті бастамас бұрын, нарықтың тамырын басып көрген екен. Нәтижесінде астау сұранысқа ие екеніне көзі әбден жеткен. Қазір өз тауарын мұсылман заттары дүкенінде 1,5 мың рубльден сату туралы келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.
“Тұр Ан” деп аталатын шеберхана ашылғалы бір ай өтер-өтпес уақытта 50-ден астам астау жасап шығарылды. Өндіріс орнының басшысы да, жұмысшысы да өзі. Әсіресе, қара жұмыстың бәрін өзі жалғыз атқаратынын айтады. “Ағаштан астау жасау сияқты бастапқы ең қиын жұмысты ешкімге сеніп тапсыра алмаймын, тек өз қолыммен ғана жасаймын”, – дейді Әскербек Әнуарбекұлы. Ал дайын ыдысты өңдеп, сырлап, әшекейлеумен көмекшілері айналысады. Ол үшін қарамағында Бисембай Мыңжасов және Әйгерім Дүнгененова деген жұмысшылары бар. Шебердің айтуынша, бұл – тек Омбы емес, жалпы Ресей нарығына мұндай өніммен енген алғашқы шеберхана.
Шебердің тәлімгері Тоғайбай Рысбек шәкіртінің алғырлығына, тасы өрге домалағанына риза. Ал Әскербек Богумбаевтың шеберхана ашуға жәрдемдескен “Жусан” халықаралық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Тоғайбай Рысбекке және “Отандастар” қорына алғысы шексіз.
Роза ШӘКЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Б.Мыңжасов, Ә.Дүнгененова мен Ресейдегі “Мөлдір” қазақ мәдениеті Сібір орталығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ә.Богумбаев.