
Жуырда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті тамақ түрлерінің және азық-түлік тобына жатпайтын тауарлардың 393 сынамасын зерттеп, олардың 68-інің талаптарға сай еместігін анықтады. Ет және құс өнімдерін таңбалауда тауардың сыртқы бетінде көрсетілген ақпараттың сәйкессіздігі белгілі болды. Мәселен, “Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС тауар әзірлеуде қарапайым техникалық регламент талаптарын сақтамаған. Облыс орталығындағы “Янтарь” және “Магнум” сауда орындарында сатылымға шыққан аталмыш серіктестіктің “Сергеевское” тұзсыз сары майының топтама нөмірі мен өнім майлылығы дұрыс көрсетілмеген. Тұтынушыларды алдап келген кәсіпорынға қатысты құжат әзірленіп, ол тауарды айналымнан шығару және жаза тағайындау мақсатында аудандық ішкі істер бөліміне жолданды.
Тексерістер микробиологиялық көрсеткіштердің де шындыққа жанаспайтынын көрсетті. Балық, сүт өнімдерінің, Қытай және Ресей елдерінде шығарылатын балалар ойыншықтарының құрамы бойынша таңбалауда дұрыс ақпарат берілмеген. Жоспардан тыс тексеріс жүргізу нәтижесінде осындай олқылықтарға орын берген тұлғаларға қатысты 9 ұйғарым шығарылды.
Жыл басынан бері сауда талаптарын сақтамаған сатушыларға қатысты 7 ақпараттық хат жолданды. Қазір сотта техникалық тәртіп бұзған тұлғалар үстінен екі бірдей іс қарастырылуда. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 5,93 килограмм өнімнің көзі жойылғанын айта кеткен жөн.
Гүлнұр ОМАРОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы.