
Апта басында облыс орталығындағы жанаржағармай құю бекеттерінде көлік жүргізушілері арасында ең көп сұранысқа ие “АИ-92” маркалы сұйық отынның бір литрі 4-5 теңгеге көтерілді. Бұған дейін шаһардағы бекеттердегі “АИ92” маркалы сұйық отын 150 теңгеден саудаланған. Қазір “Қаз-МұнайГаз”, “Shelf”, “Эталон” және тағы басқа жанар-жағармай құю бекеттерінде ол 154-155 теңгеден сатылуда. Ал газдың литрі – 73 теңге, дизельдік отын 198 теңгені құрап отыр.
– Бүгінде өңірімізде 108 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істесе, оның 37-сі Петропавл қаласында орналасқан. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыста бензин бағасының қымбаттағаны анықталды. Қазіргі таңда өңірде “АИ-92” маркалы бензиннің 2 мың тоннасы бар. Бұл – бір апталық қор. Алдағы күндері сұйық отын тағы жеткізіледі. Бұдан бөлек, 2,5 мың тоннаны құрайтын дизель отынын тасымалдайтын операторлармен келісімшарт жасалды. Жанаржа-ғармайдың қоры өңірдің сұранысын қамтамасыз етуге жетеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Ләззат Ғалиева.
Басқарма өкілінің айтуынша, жергілікті жанар-жағармай бекеттеріне сұйық отын негізінен Павлодар, Атырау және Шымкент қалаларындағы мұнай өндіретін зауыттардан жеткізіледі. Жуырда алғашқы екі кәсіпорын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін уақытша жабылды. Ал Шымкенттен тасу экономикалық жағынан тиімсіз. Нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмағандықтан, кәсіпкерлер “АИ-92” маркалы бензинді Ресейдің Уфа қаласынан әкелуде.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.