«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ САЛА ЖАС МАМАНҒА ЗӘРУ

Ауыл шаруашылығы – экономиканың қозғаушы күші, бәсекеге қабілеттілікті талап ететін сала. Жыл санап мұнда жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін жаңа техникалар мен технологиялар кеңінен пайдаланылып, білікті мамандарға сұраныс артуда. Еліміздің астықты аймағы – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласының білікті кадрларын даярлауға ерекше мән берілуде.

Былтыр өңіріміздегі агроқұрылымдарға жас мамандар даярлау мақсатында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де агротехникалық факультет ашылған еді. Бүгінгі таңда факультетте 540 студент төрт мамандық бойынша білім алып жатыр. Дені мемлекеттік грант бойынша оқып жүрген студенттерге 29 білікті маман – ауыл шаруашылығы саласының докторлары, кандидаттар, магистрлер сабақ беруде. Студенттердің алған білімін тәжірибе жүзінде тиянақтауға мүмкіндік беретін заманауи зертханалар мен материалдық-техникалық базасы, талапқа сай кабинеттер бар.

Сондай-ақ, студенттер жоғары білімдерін магистратурада жалғастыра алады. Факультет деканының оқу және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Инна Джемалединованың айтуынша, биыл тағы қосымша төрт мамандық ашу көзделуде. Атап айтқанда, бакалавриат бойынша өсімдіктер карантині және оларды қорғау, биотехнология, ал магистратурада азық-түлік өнімдерінің технологиясы және агрономия мамандықтарына оқыту жоспарланған. Алайда, жастардың ауыл шаруашылығы мамандықтарына қызығушылық танытпай отырғаны жасырын емес.

– Мектеп түлектері ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқуға түсуге ниет таныта қоймайды. Соңғы жылдары бұл салаға сандық технологиялар қарқынды енгізіле бастады. Сондықтан агрономдар, технологтар мен орман шаруашылығы мамандарының жұмысы әжептәуір жеңілдей түсті. Әрі олардың жалақылары да жоғарылады, – дейді Инна Джемалединова. 

Өңірімізде алпысқа жуық шаруа қожалығы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи құрылғылармен жабдықталған. Агроқұрылымдарға АҚШ, Германия, Швеция секілді шетелдерден түрлі жабдықтар мен құрылғылар жеткізетін “Навистар Азия” секілді компаниялардың да жұмысы жанданып келеді. Компания менеджері Руслан Жағыпаровтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық фермерлердің басым бөлігі алқаптарды жоғарыдан бақылайтын дрондарға қызығушылық танытады екен.

– Мұндай құрылғылар бізге әуеден түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді. Соның арқасында алқаптың жағдайын қашықтықтан бақылауға болады. Сөйтіп, дән себу кезінде немесе жер жыртқанда кеткен қателіктерді, жердің егіс науқанына дайындық деңгейін және арамшөптер мен басқа зиянкестердің өсімдікке тигізген залалын анықтап, тиісті шара қолдана аламыз, – дейді Руслан Жағыпаров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, жергілікті агроқұрылымдар техника паркін үздіксіз жаңартып отырады. Былтырдың өзінде 29 млрд. теңгеге 1560 техника сатып алынды. Сонымен қатар шетелден 14 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы саласына қажет құралжабдықтар әкелінген. Ал биыл өңіріміздің машинатрактор паркі 1079 техникамен толықты, жыл соңына дейін тағы 500-ден астамын алу жоспарланған. Осы техникаларды жастардан артық ешкім меңгере алмайтыны белгілі.

“Якорское” ЖШС-нің бас технологі Камила Сыздықова – жас та болса, сұранысқа ие маман. Оның міндеті – үй құстарының жағдайы мен дұрыс тамақтануын қадағалау. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқып жүргенде ол Германияға барып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алған. Шетелде жарты жыл бойы үй жануарларымен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген бойжеткен бүгінде түйгенінің барлығын тәжірибеде  қолданып жүр.

Өңіріміздегі серіктестіктер қажетті мамандарды өздері де оқытып жатыр. Ол үшін жоғары оқу орнымен екіжақты келісім жасап, серіктестік оқу шығынын өз мойнына алады. Бұл тәжірибені “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі ұтымды пайдалануда. Бірнеше маманның оқу ақысын төлеп, білім алуларына жағдай жасаған. Серіктестік директоры Еркебұлан Мәмбетов жақында 600 сауын сиырға арналған жаңа сүт фермасын ашуды жоспарлауда. Жастарды сол фермаға жұмысқа қабылдап, баспанамен қамтып, көтермеақы төлеуге әзір.

Агротехникалық факультетті жарты жыл бұрын тамамдаған Виктор Данин Жамбыл ауданындағы “Август-Қазақстан” ЖШС-інде жұмыс істеп жүр. Ол соңғы курста оқып жүріп, өндірістік тәжірибеден өткенде серіктестік қызметке орналасу туралы ұсыныс жасаған. Жұмыс беруші тарапынан барлық жағдай жасалған. Баспана мен жеке автокөлік берілген. Жас маманның еңбекақысы – 275 мың теңге.

– Жоғары оқу орны студенттердің қолдарына диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасуына да қамқорлық танытуда. Сондықтан жастар мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрса, қателеспейді. Қазір бізге үнемі алқапта болудың қажеті жоқ. Өйткені, заманауи технологиялардың тиімділігін пайдаланып, дрондардың көмегімен жұмысты қашықтықтан бақылай аламыз, – дейді Виктор Данин.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp