



Түн етегі түріліп, төңірек бозамықтанып келеді екен. Далада шамның жарығына шағылысқан ақ ұлпа қар ұшқындап тұр. Таңертең іссапарға жүргелі отырғандықтан, осы бір көріністі жақсылыққа жорыдым. Тасқа басқан таңбадай халқымыздың өткені мен бүгінін қағазға қаттап, рухани құндылықты насихаттап, ұлттың ұлы мұраты үшін қызмет етіп келе жатқан облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің 100 жылдығы қарсаңында газет оқырмандарымен кездесу үшін Аққайың ауданын бетке алдық. Бір ғасырлық тарихы бар өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын шежірелі газет жайлы ойға шомған көңіл жапырағынан айырылған күзгі ағаштай жүдеу. “Кітап, газет оқымайтын қазақты алда не күтіп тұр?” деген ой маза берер емес. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандармен жүздесуге асыққан біздер діттеген жерге қалай тез жеткенімізді аңғармай қалдық. Алдымен қазақ тілінде оқытатын мектеп жанындағы интернаты бар Смирнов №3 орта мектебінің ұстаздарымен кездестік.
– Алдағы жылдың ақпан айында “Soltústіk Qazaqstan” газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толады. Айтулы шара қарсаңында аудандарды аралап, оқырмандарымызбен кездесуді ұйғардық. Газет – халықтың ортақ игілігі. Біздің газетіміз республикадағы байырғы басылымдардың бірі. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында “Egemen Qazaqstan” республикалық газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына бір ғасыр толады. Екі-үш айдан кейін іле “Кедей сөзі” деген атаумен шыққан болатын. Қазіргі “Soltústіk Qazaqstan” газеті сол “Кедей сөзінің” мұрагері, – дей келе “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов газеттің тарихына аз-кем тоқталып, басылымда әр жылдары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов сияқты Алаштың асыл ұлдары еңбек еткенін мақтанышпен жеткізді. Қазақтың марғасқа перзенттерінің ізі сайрап жатқан газеттің мерейтойы қарсаңында атқарылатын шаруалармен таныстырған Жарасбай Қабдоллаұлы өткен баспасөзге жазылу науқанында қолдау көрсеткен бір топ адамды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Борис Баяшев, өлкетанушы Жұмабек Сансызбай сияқты еңбек ардагерлері мен аталмыш білім ордасының директоры Серғазы Сәдуақасов бар.
Отырыста газеттің өткен тарихы жинақталған “Дәуір дастан”, “Қарашаңырақ” кітаптары оқырмандар назарына ұсынылып, сонау жылдары ағартушылық қызметпен айналысқан қарт басылымның өзекті мәселелерінің бүгінгі күнге дейін маңызы жойылмағаны айтылды. Соның ішінде газеттің таралымын көбейту, оқырмандардың санын арттыру редакция ұжымы үшін маңызды міндет болып саналады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары газеттің таралымы күрт төмендеп кетті. Бір кездері он мың данамен таралған облыстық газеттің бүгінгі жай-күйімен көзі қарақты оқырман да таныс екен. Құндылық пен құнсыздықтың күресі жүріп жатқан заманда рухани байлықтан көз жазып қалудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Ақпараттық дәуір кезеңінде өмір сүріп жатқан қоғамның санасын виртуалды әлем жаулап алғанын ұстаздар да жоққа шығармайды. Өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық білдірген Жарасбай Қабдоллаұлы ұлттық тамырымыздан ажырап қалмас үшін жастарға дұрыс жол көрсетуде ұстаздар қауымына артылған жүктің салмағын сараптай келе, руханияттың тірегі – кітап пен газет екеніне тоқталды. Ұлт болашағын тәрбиелеуші – ұстаз. Ал ұлағатты ұстаздың өзі газет оқымаса, болашақ ұрпақтан не күтуге болады?
– Осы ауданнан редакцияда қызмет істеген азаматтар көп болды. Кейін өзіміз де олармен бір ұжымда еңбек еттік. Рәшид Бәдірленов, Серік Қасенов, Мұхамедқали Нұрғожин, Тұрысбек Кәдіров сияқты жерлестеріңіздің баспасөзге сіңірген еңбегі аз емес. Жаны жайсаң азаматтардың есімін ұлықтау игі іс. Келесі жылдың мамыр айында соғыс ардагері, бас редактордың орынбасары болып еңбек еткен Рәшид Бәдірленовтің туғанына 100 жыл толады. Осыған орай аудан орталығындағы бір көшеге оның атын беру туралы бастама көтергелі отырмыз. Газеттің мерейтойы қарсаңында бұл мәселе шешімін тапса құба-құп, – дей келе Жарасбай Қабдоллаұлы игі бастамаға ауданның ардагерлер ұйымы да ұйытқы болатынына сенім білдіріп, жиналғандарды ұлтқа ортақ басылымның таралымын көбейтуге үлес қосуға шақырды. Өңіріміздегі ана тілінде тарайтын жалғыз облыстық басылымға баспасөзге жазылу науқанында қолдау көрсетіп, бірлігі мен берекесі жарасқан ұлттың ұлы мұраты жолында аянып қалмайтындарын айтқан аққайыңдықтар халықтың көзі, һәм үні болған газеттің қоғамдағы орны мен беделі жайлы ой қозғап, ұсыныстарын жеткізді.
– Ұлы ойшыл, Әбу Насыр әл-Фараби руханияттың төрт бағанасын анықтап жазып кетті. Руханият болмаған жерде мемлекет өмір сүрмейді. Облыстық газетпен мен сонау жетпісінші жылдардан бері тығыз байланыстамын. Алғашқы өлеңдерім осы газетте басылды. Бүгінгі күнге дейін мерзімді басылымдарды үзбей оқимын. Өңірде ең көп газет оқитын белсенді оқырман екенімді мақтанышпен айта аламын. Ал газет қоғамның мүддесі үшін қызмет атқарады. Сондықтан өңірде жалғыз қазақ тілінің намысын күйттеп жүрген басылымның таралымын көбейтуге атсалысып, мүмкіндігімізше қолдау көрсеткеніміз жөн, – деді руханият жанашыры, еңбек ардагері Жұмабек Сансызбай. Ал білім ордасының директоры Серғазы Сәдуақасов өңірде бір кездері қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болған тілшілердің еңбегін жоғары бағалап, баспасөзге жазылу науқанында намысқа тырысатындарын жеткізді. Ұстаздардың атынан сөз алған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әйгерім Қазиева редакция ұжымы, тілшілер қауымы әдебиетке құштар оқушылармен кездесу ұйымдастырса деген ұсынысын ортаға салды. Бұл орайда, облыс орталығындағы бірқатар білім ордаларының оқушыларымен осындай кездесулер ұйымдастырылып жатқанын айтып өткен жөн. Сондықтан әр оқырманның өтініші біз үшін маңызды.
Осы әңгіме Аралағаш ауылының тұрғындарымен кездесу барысында да жалғасын тапты. Жақында 100 жылдығын атап өткен Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебіне жиналған қауымның пікірінен облыстық басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық екенін аңғардық. Көргені көп, көкейге түйгені мол ауыл ақсақалдары газет ұлттың қамқоршысы, жанашыры екенін айта келе, қарашаңырақтың мерейтойы қарсаңында мерзімді басылымның таралымын көбейтуге мүмкіндіктерінше қолдау білдіретіндерін жеткізді.
– Ауылға пошта ара-тұра келетіндіктен, бір кездері газеттен қол үзіп қалдық. Құдайға шүкір, қазір аптасына бірнеше рет газет қолымызға тиеді. Тарихи мақалаларды тұшынып оқимын. Мұндай материалдар оқырмандарға керек. Жастарға тәрбиелік мәні бар хадистерден үзінді берілсе, тіпті жақсы болар еді. Мәселе, адамды дінге бұру емес. Танымдық әңгіме, ой-тұжырымдар адамды тәрбиелейді, – деді ауыл имамы Көкөш Қаңтарбаев.
Бүгінде жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отырған ауылдың әлеуметтік мәселелері ретімен шешімін тауып жатқанын айтып өткен жөн. Тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Дінге бет бұрған тұрғындар үшін намазхана мен алыстан мен мұндалап тұрған үшқабатты мектептің сыртына күрделі жөндеу жүргізілген. Мектеп демекші, білім ордасында жиырма бес ұстаз еңбек етіп, жүзге жуық бала білім алуда. Өкінішке қарай, ұстаздардың арасында өткен жартыжылдықта “Soltústіk Qazaqstan” газетіне жазылған адам саусақпен санарлықтай. Бірақ ұлт, тіл, дін, діл мәселесіне келгенде жүрегінде намысы бар қазақ аянып қалмасы анық. Сондықтан аралағаштықтар сенімге селкеу түсірмес деген ойдамыз.
Келесі бағытымыз қаймағы бұзылмаған Дайындық ауылы болды. Түтіні түзу ұшқан ауыл тұрғындарының тұрмысы ауылға кіре берісте-ақ аңғарылып тұр. Бір көшенің бойында орналасқан шағын ауыл болса да, мұндағы тыныс-тіршілікке көңіл марқайды. Орталықтандырылған ауыз су, жылумен қамтамасыз етілген тұрғындардың көңілі тоқ. Бастысы барлығы жұмыспен қамтылған. Заманауи үлгіде салынған шағын орталық, мектеп, спорт кешені мен мешіт ауылдың ажарын аша түскендей. Бір ғасырлық тарихы бар өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағының мерейтойы қарсаңында ат ізін салған жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовке ризашылығын білдірген ауыл тұрғындары газеттің өткен санында (22 қазан, №124) “Әр шаңыраққа – “Soltústіk Qazaqstan”!” тақырыбында жарық көрген Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы тұрғындарының солтүстікқазақстандықтарға Үндеуін бірауыздан құптады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, іссапар барысында өткен жартыжылдықта баспасөзге жазылу науқанында газетімізге қолдау білдірген Аралағаш, Дайындық ауылдарындағы жанашырларымыз Жұмабай Нұртазинов, Айман Әлімтаева, Талғат Рамазанов сынды бір топ адамға Алғыс хат берілді. Ауылдың гүлденуіне ғана емес, руханияттың дамуына да айрықша үлес қосып жүрген “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Біржан Шаймерденовке де дәл осындай құрмет көрсетілді. Елдің ертеңін ойлаған, рухани құндылықтың мән-маңызын түсінген, соны санасына түйген осындай ел азаматтарының газетке қолдау білдіруі маңызды. Айтылған сөз – атылған оқтай. Біз үшін аңқылдаған ауыл адамдарының уәдесі орындалуымен құнды. Ал түнде ұшқындаған ақ ұлпа қарды жақсылыққа жорығаным бекер емес екен. Аққайың ауданы тұрғындарының өңір айнасы, ұлтымыздың жанашыры – “Soltústіk Qazaqstan”-ға деген пейілдері ақ екен.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.