«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МУЗЫКА МАЙТАЛМАНЫМЕН КЕЗДЕСУ

1962 жылдың тамыз айының соңғы аптасы болатын. Менің Петропавл музыка училищесінің үшінші курсына аяқ басқан кезім. Оқу бітіретін жылы домбырадан сабақ беретін мұғалім болмай қалды. Содан құжаттарымды алып, басқа қалаға оқуға жиналдым. Білім ордасының директоры Сайдаш Ғайсин қайда оқуға баратынымды сұрап, мән-жайды анықтап алған соң, Семей, Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларындағы музыка училищелерінің басшыларымен сөйлескенін айтты. Мен Шымкент қаласына баратын болдым. Ол училищенің жатақханасында орын болмаса, білім ордасының басшылығы баспана тауып беретінін айтты. Бірге оқыған тағы екі курстасым да Шымкентке бармақшы екен. Ендігі ойым – алдымен Алматыға, сол жақтан Шым қалаға жол тарту. 

Оңтүстік астанамызға аман-есен жетіп, қонақүйлердің біріне жайғастым. Ертесіне C.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқитын жерлесім Мереке Тұралинды тауып алдым. Оның филология факультетінің деканатына кіре берісте алыстағы ауылын ойлап, сағыныштан жаны жабырқап тұрғаны бірден аңғарылды. Мені көріп, күлімсіреп жымиды. Деканаттағы жұмысын бітірген соң екеуіміз ұзақ әңгімелестік. Ол мені филармонияда жұмыс істейтін Ғылман Әлжановпен кездесуге апарды. Филармония залында “Құрманғазы” атындағы халық аспаптар оркестірінің кезекті дайындығы жүріп жатыр екен. Оркестрге Мәлғаждар Әубәкіров дирижерлік етуде. Сәлден соң дайындық аяқталып, Ғылман ағамызбен кездестік. Хал-жағдай сұрасып, Шымкентке оқуға бара жатқанымды айттым. Бұл менің Ғылман ағамен жүзбе-жүз соңғы кездесуім болатын. 

Мереке екеуіміз өнер ордасынан шығып келе жатсақ, даладағы шағын шеберхана алдында бір кісі ағаш сүргілеп отыр екен. Танымасақ та, үлкенге сәлем бермей кетіп қала алмадық. Жөн сұрай келе, оның Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қамар Қасымов екенін білдік. 

Менің Алматыға соғуымның бір себебі – домбыра сатып алу болатын. Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра шеберханасында ұлттық аспабымызды жасаумен аты шыққан Борис, Эманауил Романенколар еңбек етеді. Белгілі шеберлердің қолынан шыққан аспапты шерту арманым еді.
1933 жылдан бастап бұл шеберлер Ахмет Жұбановтың басқаруымен бүкіл оркестр аспаптарын, әсіресе, домбыраның түр-түрін сынақтан өткізді. Қазіргі кезде қолданылып жүрген концерттік тенор домбыраны жасап шығарған да осы Романенколар болатын.
Содан есімі белгілі шеберлерге домбыра сатып алатынымды айттым.
– Сіздер сәл сыртта күте тұрыңыздар. Маған жаңа ғана қоңырау шалды. Ахмет Жұбанов келмекші екен. Ол кісіге көрінбегендеріңіз дұрыс болар, – деді Эманауил Романенко. Эксперименттік шеберханада бөгде адамдарға домбыра сатуға рұқсат жоқ екен. Біз адам көзіне көрінбейтін жерде тұрдық. Бір кезде үш кісі шеберханаға келді. Жиырма минуттай бөгеліп, сыртқа шықты. Әлгі үшеудің түр-тұлғасын анық байқадым. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Олар ұзап кеткен соң біз шеберханаға қайта бардық. Алайда, шеберлер қазір дайын домбыра жоқ екенін айтты. Бірақ үйде бір емес, екі домбыра жасаулы тұрғанын, таңертең тоғызда көрсетілген мекенжайдан алып кетуге кеңес берді. Тысқа шықсақ, әлгі кісілер әңгімелесіп тұр екен. Жандарынан өтіп бара жатып, Ахмет Жұбановтың киім үлгісіне көзім түсті. Басында сұр шляпа, үстінде ақ сұр макинтош, шалбары да сол түсті екен. Өзіне сондай жарасып тұр. Халық әртісінің тұрған тұрысы, байсалдылығы ерекше әсер етті.
Ертеңіне шебердің берген мекенжайына бардым. Домбыраны көруге асықпын. Олар Республика сарайы маңындағы тау етегіне қарай орналасқан ағаш үйде тұрады екен. Ұлттық аспап мен ойлағандай болмай шықты. Альт домбыра екен. Ол кезде күйді көбінесе альт домбырамен тартатын. Бірақ маған тенор дыбысты домбыра керек болған соң сатып алмадым.
Қазір ойласам, сол сапарым өмірімнің елеулі кезеңі екен. Ұлттық аспапқа құштарлығымның арқасында марқұм ініммен Алматыны аралап, атақты адамдармен кездестім. Оның өзі ғанибет қой. Бұл академик Ахмет Жұбановты менің екінші рет көруім болатын. Алғаш рет оны 1957 жылы бүкілқазақстандық жастар фестивалінде көрген едім. Бұл кезеңдер мен үшін өнер жолына жетелейтін мектеп болды. Шыны керек, осындай тау тұлғалы азаматқа еліктеп өстім. Сондықтан “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” дегендей елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазағы аз Қызылжар өңірінде ұлттық аспаптың үнін жаңғыртуды алдыма мақсат еттім.
Тәңірі тал бойына ерекше қабілет пен ұлтжандылық сезім дарытқан Ахмет Жұбановтың музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі зор. Оның жетекшілігімен “Құрманғазы” оркестрі дүниеге келді. Бұл – Қазақстанның аспаптық музыкалық өнер тарихында бірегей әрі тұңғыш оркестр. Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан осындай музыка майталманының көзін көрген өзімді бақытты санаймын.

 

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp