«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОҒАРЫ ТОП ЖОЛДАМАСЫ ҮШІН ТАЛАС

Футболдан бірінші лига командалары ара­сындағы Қазақстан чемпионатының аяқталуына екі тур ғана қалды. Бұған дейін өткен 24 ойынның нәтижесі бойынша петропавлдық “Қы­зылжар” командасы топ бастап тұр. Кезінде елі­міздің ұлттық құрамасы сапында жасындай жар­қылдаған, Алматының “Қайратын” алға сүйреген, Түркияда доп тепкен Әли Әлиев жат­тықтыратын команда он бес ойында жеңіске жетіп, екеуінде ғана қарсыластарына есе жіберді. Жеті матч тең аяқталған. 

Қызылжарлықтардың өкшесін басып келе жатқан Ақтаудың “Каспийінің” еншісінде 50 ұпай, ал үшінші орындағы Өскеменнің “Алтайы” жерлестерімізден үш ұпай қалып келеді. Дәл осы үшінші орындағы команда өткен турда Петропавл­ға қонаққа келді. Күннің суықтығына қа­рамастан “Қарасай” стадионына жиналған жанкүйерлер қарасы қалың болды. Бұл матчта жеңген жағдайда жерлестеріміз қарсыласта­рынан қара үзіп кетер еді. Бірақ білікті бапкер Сер­гей Тимофеевтен тәлім алатын шығыстың жігіттері қорғанысқа табандап жатып алды. “Қы­зылжар” қанша шабуылдағанымен, қарсылас қақпасынан саңылау табылмады. Есеп: 0-0.

Бірінші лиганың бас жүлдесінен үмітті тағы бір команда бар. Төртінші орындағы Оралдың “Ақжайығының” да еншісінде 49 ұпай. Осы төрт команда жүлделі орындарды да, Премьер лигаға берілетін жолдамаларды да сарапқа салатыны қазірдің өзінде белгілі, себебі, бесінші орындағы “Мақтаарал” алдында тұрған коман­да­дан бақандай 11 ұпай қалып келеді. Соңғы екі турда жеңген күннің өзінде қоржынына 6 ұпай ғана түседі.
Қазақстан чемпионатының ережесі бойынша бірінші лигада алғашқы екі орынды еншілеген команда Премьер лигаға жолдама алады, ал үшінші орын алған ұжым жоғары топтың оныншы командасымен кездесіп, екі ойын нәтижесі бойынша тағы бір жолдаманы сарапқа са-лады.
“Қызылжар” командасына араға екі жыл салып, жоғары топқа қайтадан өтетін мүмкіндік туып отыр. Ол үшін чемпионаттың қалған екі турында ұпайдан шашау шығармау қажет. 27 қазан күні турнир кестесінде тоғызыншы орын­дағы “Академия Оңтүстік” командасымен сырт алаңда кездеседі. Ал бірінші лиганың соңғы матчын “Қарасай” стадионында 3 қараша күні “Бай­қоңырмен” өткізеді. Жерлестерімізге қал­ған екі ойында сәттілік тілейік.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp