
Диқандар үшін биылғы күзгі жиын-терім қиындықпен өтті. Соған қарамастан астығын ысырапсыз жинап, элеваторға жеткізіп алғандардың бірі – “Тоқушы-Грейн” ЖШС-інің жетекшісі Жомарт Омаров.
– Биылғы ауа райы 2014 жылды еске салды. Cол жылы біз астық ала алмай қалған едік. Жердің бәрі езіліп, жаңбыр толассыз төпеледі де тұрды. Комбайн егіске кіре алмай, алтын дән көз алдымызда ысырап болды. Құдайға шүкір, биыл жауын-шашынға қарамастан, жеті мың гектар жерге сіңірілген алтын дәнді жинап алдық, – дейді іскер азамат.
Бұрын Жомарт Омаров отыз бір мың гектар алқапқа астық еккен екен. Өңірімізге инвестор ретінде келген ресейлік “Транс-Авто” деген кәсіпорын кейін көлемді жерді тастап кеткенде жергілікті азаматтар оны қолға алып, “Шағала-Агро” серіктестігін құрды. Жомарт Омаров сол астық кәсіпорны басшыларының бірі болды. Ал былтырдан бері ол он бес жылдай бірге істеген серіктестіктен еншісін бөлектеді.
Жомарттың әкесі Жақсылық ақсақал – өмір бойы диқаншылықпен айналысқан, екі бірдей “Еңбек Қызыл туы” ордені кеудесінде жарқыраған жан. Үнемі жанында жүретін ұлына ол жасынан диқаншылықтың қыр-сырын үйретеді. Сөйтіп, Жомарт та атакәсіптен алысқа кете алмаған. Есеп-қисапқа жүйрік ол қаржыгер мамандығын игерсе де, экономист, ревизор сияқты қызметтерді абыроймен атқарса да, жердің құдіреті өзіне тарта берген. Хакім Абай “Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел” дегендей, ол да еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмайтынын жақсы түсінді. Өйткені, Жомарт – Абай мен Мағжан өлеңдерін, жерлес жазушылар – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын зердесіне тоқыған түйсігі мол, танымы терең жігіт. Өзің өндірмесең, қайнаған еңбектің қақ ортасында жүрмесең, артыңда із қалдырдым деп айта аламын ба деп, өзін-өзі қайраған жігіт жер баптауға осылай кірісіп кетіпті. Сөйтіп, ол қазір облыстағы белгілі диқандардың біріне айналып отыр.
Жерді сүйген, кең даланың тынысын сезінген Жомарт Омаров астық алқабын жиі аралайды. “Бастары салбырап, маужырап тұрған бидайдың бір сабағына еңкейіп, тұшынып иіскегенде, трактордың майы бұрқырап тұрған комбайншылармен, тракторшылармен әңгімелескенде, бір серпіліп қаламын. Маған ашық теңіздің гүрілі мен жылы жағажайдың шуылынан гөрі осы араның салқын ауасы әлдеқайда асыл сияқты көрінеді”,– дейді ол.
“Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды”, – дейді ғой данышпан Абай. Ерінбей еткен еңбекке, махаббатпен сүйіп істеген жұмысқа орай, қара жер де Жомартқа аямай беруде. Үш мың тонна астығын ол қазірдің өзінде элеваторға өткізіп қойды. Гектар берекелігі орта есеппен 25 центнерден айналған. Алайда, бұған диқан қанағаттанбауда, кем дегенде отыздан алу керек еді, дейді ол.
Алдыңғы қатарлы комбайншылардың табысы бұл серіктестікте миллион теңгеден екенін айтып өткен жөн. Қазір жұмысшылар қоймада қалған астықты құрғатып, сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды жүргізуде.
“Транс-Авто” кәсіпорны өзінің уақытша келгенін шу дегеннен білдіріп, жерге тыңайтқыш сеуіп, топырақ құнарын көтеру сияқты жұмыстарға көңіл бөлмеген екен. Сол жерлерді алғашқы жылы-ақ қалпына келтіру үшін сапалы тыңайтқыштар қолданудың арқасында “Тоқушы-Грейн” кейбір учаскелерден гектарына қырық центнерге дейін астық алыпты.
“Осы жұмысты талмай жалғастыратын боламыз, жерден тілесең, оған беру де керек”, – дейді диқан. Сонымен бірге ол топырақты құнарландыру жөніндегі түрлі ғалымдардың еңбектерін де салыстырып көп оқитынын жеткізді. Дәнді дақыл мен зығыр сияқты майлы дақылды да ауыстырып егу топырақ құнарын арттыратынын, сондай-ақ, жасымықтың (чечевица) да қасиетін айтып берді. “Тұзы жоғары көтеріліп, ақ сортаң болып жатқан жерге бұрын бір рет жасымық егіп көргенбіз. Сол жер кейін тыңайып, артынан жақсы өнімділік көрсете бастады. Сондықтан осы бағытта біраз жұмыстар жоспарлап отырмыз. Өзі сұранысқа да ие, әттең тым аласа өседі”, – дейді кәсіпкер.
Серіктестік машина-трактор паркін де жаңартып, Қостанайда жасалатын алты “Есіл” комбайнын биыл сатып алған екен. – Бағасына, мемлекеттің берген субсидиясына қарағанда бұл комбайндар бізге тиімді болып отыр, – дейді ол. Беларуссиялық “Гомсельмаштың” негізінде жасалатын бұл техника шетелдікіне қарағанда сапалы екен. Бағасы 52 миллион болғанымен, жеті жылға берілген 25 пайыздық субсидиясы бар көрінеді. Сөйтіп, әрбір комбайн үшін мемлекет шамамен он алты миллион теңгені қайтарып береді.
Бір сағаттай әңгімелескенімізде диқаншы мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекті жоғары бағалап, тек сол мүмкіндікті ұтымды пайдалана білу керек екенін айтты. Сонымен қатар биылғы астық бағасының өсуі де шаруалардың жағдайын едәуір жақсартып тастайды, дейді ол. Іскер азамат алдағы уақытта мал шаруашылығымен де айналысуды көздеп отыр. Ендеше, іске сәт!
Жақсыбай САМРАТ.