
1959-1960 жылдары орта мектептерге өндірістік оқу жүйесі енгізілгені есімде. Осыған орай білім ордалары өндіріс сұранысы мен мамандар қажеттілігіне байланысты болашақ жұмысшыларды даярлауды қолға алды. Мен қырық жылдан астам уақыт мұғалімдік еткен Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінің ұжымы жергілікті кеңшар басшыларымен келісіп, ұл балаларды ІІІ сыныпты тракторшы мамандығы бойынша, ал қыздарды сауыншылыққа оқытуды бастады. Сол кездегі директор Асқар Игібаев мені өндірістік білім беру бойынша директордың орынбасары етіп тағайындады. Жұмыс ә дегеннен бір жолға түсіп кетті деу қиын, бірақ мұғалімдер мен оқушылар бірлесіп, уақытты қызықты өткізгеніміз анық.
Енгізілген пәннің негізгі мақсаты балаларды оқытып қана қоймай, білімін тәжірибе жүзінде бекітуге септесу болатын. Сондықтан алғашқыда оқу-материалдық базасын құруда қиындықтар туындады. Бірақ уақыт өте келе ойлағанымызды жүзеге асыра бастадық. Оқушылар көктемгі егіс, күзгі жиын-терім кезінде “Николаевка” кеңшарындағы жеті бригаданың жұмысшыларының жанына бекітіліп, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Ал 1960 жылдың көктемінде кеңшар басшыларының келісімімен 1,5 гектар жер телімін алып, оқушылармен бірге көкөніс өсіруді қолға алдық. Өнімді кеңшардың асханасына, біздің және көрші ауылдардың тұрғындарына сататын едік.
Осыдан кейін жергілікті басшылар кеңшардың бау-бақша жұмыстарын жүргізуді біздің мектепке тапсырды. Келесі жылы облыста алғаш рет мектептің бастамасымен оқушылардың өндірістік және демалыс бригадасы құрылды. Осылайша, өндірістік бригада жасөспірімдерді еңбекке баулитын ұйымға айналды десек болады.
Кейін осындай еңбек-демалыс лагерьлері Петропавл қаласындағы мектептерде де ашыла бастады. Алайда, нарықтық экономикаға көшкен кезде сол бригадалардың барлығы дерлік жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен, қай заманда өмір сүрсек те, мұндай жұмыстардың жастарды тәрбиелеудегі маңызы зор болып қала бермек. Қазір Николаевка ауылындағы шаруа қожалықтарының денін сол бригадаларда тәрбиеленген оқушылар басқарып отырғаны сөзімізге дәлел бола алады. Менің мұны айтып отырған себебім, бұл жұмыстарды жандандыратын уақыт жеткен сияқты. Бүгінгі заманда барлық мектептер осындай жұмыс топтарын құрып, бау-бақша ексе, оқушылар үшін тәжірибе, ал білім ордасына пайдалы болмас па еді? Қазіргі таңда мүмкіндік болғанымен, өкінішке қарай, білек сыбана кірісетін адам жоқтың қасы. Дұрыс ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі жастарды тура жолға салып, келешекте еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына бағыттайтынын ұмытпаған жөн.
Өткен жылы бір азамат Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында алпыс гектардан астам жерге картоп егіп, оны кез келген адамның қазып ала алатынын айтқан болатын. Біраз тұрғын оның игілігін көргенін білеміз. Жоғары сынып оқушылары немесе студенттер осындай жұмыстарға араласса жөн болмас па еді? Сол арқылы мұқтаж адамдардың да мәселесін шешуге болады. Әрі осындай жұмыстар арқылы жастардың рухы көтерілері сөзсіз. Өкінішке қарай, қазір білім ордаларында ұрандатқан шараларға баса назар аударылады. Флешмобтар мен концерттер немесе мақсатсыз өткізіліп жатқан басқа да іс-шараларға қатысқан жастардың уақыты босқа өтуде.
Ол кезде мектептер оқушыларға білім берумен ғана шектелмеді. Комсомол және пионер ұйымдары да балаларды рухани тұрғыдан тәрбиелеуге баса мән берді. Яғни, жастардың пайдасыз жұмыстармен айналысатын уақыты болмайтын еді. Тимуршылар жасақтарының құрамында болған өрендер де талай игі істерді атқарып, үлкендердің батасын алып жүрді. Жалғызбасты қариялардың үйіне барып, қыста есігінің алдын, жазда үйінің ішін тазалап, қолдарынан келгенше көмектерін аямайтын. Білуімше, мұндай жұмыстар қазір де жалғасын табуда. Бұл ретте облыстағы ерікті жастардың еңбегі жайлы айтпай кетпеске болмас. Жастардың алдыңғы толқынды ұмытпай, көмектесіп жүретінін естігенде, көңіліміз көтеріліп, қуанып қалатынымыз рас.
Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар өскелең ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беру қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі саналады. Әрбір өренді мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттер негізінде тәрбиелесек, рухани бай адам қалыптасары сөзсіз. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мәні терең, мазмұны бай мақаласында ұлттық рухани болмысымыздан ажырамау, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігін айтып өткен еді. Сондықтан оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болғаны жөн. Сонда ғана мектеп түлектері, елді мекен азаматтары, қай жақта жүрсе де, туған ауылын ұмытпай, қамқорлық көрсетіп жүреді. Туған жерінің қамын ойлап, көркеюіне көп еңбек сіңірген азаматтардың бірі – Болат Әбілмәжіновты мысалға келтіруге болады. Ол алғашқылардың бірі болып егін шілікпен айналысып, одан түскен қаражатқа әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға кірісті. 2008 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Болат Әбілмәжіновтың Николаевка ауылына мешіт салып бергенін де айта кету керек. Кейін осы мешітті және ауылдағы бірнеше үйді бір орталықтан жылыту үшін қазандық та орнатып берді.
Менің ойымша, жастарды рухани тәрбиелеу үшін оларға еліміздің өткен тарихы, басымыздан өткен жайттар мен маңызды оқиғалар жайлы көбірек әңгімелеп, санасына құюға тиіспіз. Яғни, көпті көрген, ақылы дария қариялармен кездесулер жиі ұйымдастырылса, өскелең ұрпаққа ой салары сөзсіз. Өткен жылдары облыс орталығындағы әл-Фараби мектеп-лицейіне бардым. Білім ордасының директоры Күлімкөз Смайылова – менің оқушым, түрлі мерекелер мен айтулы даталарға орай әрі жастармен кездесіп, ақыл-кеңестерін айтуы үшін үлкендерді жиі шақыруға тырысады. Оларға аға буынның айтар ақылы, берер кеңесі көп. Осындай жұмыстар барлық білім ордаларында жүргізілсе дейсің.
Біздің жас кезімізде Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі”, – деп мәртебесін асырған ұстаздарға деген құрмет ерекше болатын. Әсіресе, оқушылар ұстаздарының алдынан кесе-көлденең өтпей, қадірін асырып отыратын. Әрине, соңғы жылдары мұғалімдерге деген көзқарас өзгеріп, педагогтардың мәртебесі артып келе жатқанымен келіспеуге болмас. Бұл барлығымыз үшін қуанарлық жайт.
Жастар тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы зор. Қателеспесем, 1990 жылдардың бас кезінде “Qyzyljar” телеарнасында жұма күндері “Өнерпаз болсаң” деген бағдарлама көрсетіле бастады. Соны барша көрермен күтіп жүретін еді. Өйткені, хабарға ауылдық жерлерден өнерпаз, талантты жастар келетін. Бұл оларды ынталандырып, талай жастың жолын ашқаны сөзсіз. Николаевка орта мектебінің оқушыларын да бірнеше рет әкелгеніміз бар еді. Қазір де осындай бағдарламалар ұмытылмай, жанданса екен дейміз.
Қазір мектептерге барсақ, кездесуде айтқан сөздерімізді тыңдаған балалардың кабинеттен шығар-шықпас бір-бірімен орысша сөйлесіп кетіп бара жатқанын көріп, жағаңды ұстайсың. Біз алғаш қолымызға қалам алып, жазуды латын әліпбиінде үйрендік. Сондықтан жарты ғасырдан астам уақыт бойы үстемдік құрып келген кириллицаны латын әліпбиіне көшіру жұмыстарының қолға алынғаны – жағымды жаңалық. Бұл – біздің ұлтымыздың шынайы тәуелсіздігінің көрінісі. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, латын қарпіне көшу жастарды ана тілінде сөйлеуге шақырады деген сенімдеміз.
Өзіміз сүйіп оқитын алғаш “Кедей сөзі”, кейін “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” болып атауы өзгерген “Soltústik Qazaqstan” газеті де біртіндеп латын қарпіне көшуге бет бұрып, шағын хабарларды беріп жатқанын көріп жүрміз. Бір ғасырлық тарихы бар, тілшілері әр кез елдің мұң-мұқтажын, өзекті мәселелер мен тақырыптарды жазып келген газеттің біз үшін де орны бөлек. Әрине, кеңес заманында жазылған мақала мен қазіргі айтылар ойды салыстыруға болмайды. Өйткені, әр дәуірде толғандырар мәселе де, айтылар тақырып та әртүрлі. Бірақ аталған газет көп мәселенің түйінін тарқатуға септесті десек, артық айтқандық емес.
Ескендір НҰРЫМОВ,
еңбек ардагері.