«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРІМЕН ӨҢІРГЕ ТАНЫЛҒАН

Еліміз өзінің тәуелсіздігін алып, қазақтың қалғыған, бастырылған рухы көтерілетін тұста Қызылжарда ән шалқытып, күймен балқытатын бірде-бір өнер ұжымы болмаған еді. Облыстық филармонияның жанынан құрылған қазақ труппасы бірде ашылып, бірде жабылып, жергілікті билік тарапынан өнерпаздарға тұрақты қолдау жасала бермейтін. Қазақ өнері, әні мен күйі дегендердің бәрін екінші сортты қылып, мәдениет саласын басқарып отырғандар үлкен сахналарға шығарда оларды сызып тастайтын. Айтулы концерттерде қазаққа әйтеуір бір-екі нөмір ғана айтқызып, осыған да риза болыңдар дегендей теріс көзқарас қалыптасқан еді. Ал таза қазақша өнер көрсету деген ауызға да алынбайтын. Сондықтан өз өнерін тамашалағысы келіп, аңсаған, шөлдеген халық наразылығы ішінде болып, біртоға күй кешіп жатты.  

Сол кездерде жалғыз Шашубай Малдыбаев жарқ етіп шығып, шашылып жүрген барлық өнерпаздарды топтап, “Тамаша” әзіл-сықақ отауын құрды, алғашқы болып айтыс өткізді, Наурыз тойларында және басқа да мерекелерде жарқыратып, тамаша концерттер берді. Алғашқы болып “Қыз сыны”, “Жігіттің сұлтаны” деген сияқты өнер сайыстарын ұйымдастырды. Сөйтіп, облыс сахнасында ондаған жылдар бойы бірде-бір мәдени шара оның ұйымдастыруынсыз, қатысуынсыз өтпеді. Республикалық деңгейде өткен ақын-жазушыларымыз Мағжанның, Сәбит пен Ғабиттің мерейтойларының да негізгі режиссері Шәкең болды. Ондағы “Айтыс”, “Мүшайра” сияқты конкурстардың негізгі ұйтқысы да сол еді. Халық жадында қалған кейбір әкімдер халықтың көңілін көтеру үшін не істеу керектігін де Шәкеңнен сұрап отырған. Мәселен, Даниал Ахметов осы сауалды Шәкеңе қойғанда ол Абай атындағы Опера және балет театрын гастрольге шақыру керектігі туралы ұсыныс жасаған екен. Мұны облысымыздың сол кездегі әкімі қуана қолдап, айтулы өнер ұжымы шақырылып, Қызылжарда 3-4 күн бойы тегін өнер көрсеткені ұмытыла қойған жоқ. 

Бүгінгі таңда жетпістің төріне шығып отырған Шашубай Малдыбаев ағамыздың Қызылжар өңірінің халқы үшін сіңірген осындай зор еңбегі бар. Бір басына көп өнер қонған Шашубай Малдыбаев – мәдени шаралардың ұйымдастырушысы болуымен қатар әнші, композитор әрі журналист. Шәкең, тіпті, солтүстікқазақстандықтардың айтулы жеке тойларын да жүргізетін еді. Әзірге халық арасында жаппай мойындала қоймаған асабалық өнердің де өзіндік қыр-сипаты мен ерекшеліктері бар. Кейбір асабалар жүргізген тойдан халық мезі болып, түрлі дөрекіліктен, тұрпайылықтан шаршап қайтатын. Ал Шәкең жүргізген тойларда халық жақсы тынығып, көңіл көтеруші еді. Өйткені, ол сыралғы сыпайылықпен, әдемі әзілмен, қонақтардың бәріне жеке-жеке назар аударған ықылас-пейілімен жиналғандарды риза қылып, көңілдерін көтере алатын.
Шашубай Малдыбаев – Есіл өңірінің төл тумасы. Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев кеңшарының орталығы (бұрынғы Ленин), қазіргі Ы.Ыбыраев ауылында 1949 жылғы қарашада дүниеге келген. Шәкеңнің әкесі қазақтың Кеңес дәуірінде қалыптасқан жаңа әдебиетінің танымал өкілдерінің бірі, ақын Ғалым Малдыбаев. Анасы Зураш та ауыл арасына кеңінен танылған әнші. Осындай ортада дүниеге келген Шәкеңнің өнер қууы да заңдылық сияқты. Тіпті оның есімінің өзі де өнермен тікелей ұштасқан. 1949 жылдың 10-19 мамыры аралығында Мәскеуде қазақ өнерінің екінші онкүндігі болып, сол сапарда ақын Ғалым Малдыбаев атақты ақын әрі әнші Қошқарбайдың Шашубайымен бір купеде барады. Өзіне қызмет көрсетіп, күтіп жүрген Ғалекеңе ықыласы түскен сексен бестегі қарт әнші “Алла жазса келін ұл туады, атын Шашубай қой, менің өнерім дарысын”, деп батасын берген екен. Бес айдан кейін өмірге келген, көптен күткен ұлына Ғалекең сөйтіп қазақтың Шашубайының есімін қойған.
Шәкең бесінші сыныпта облыс орталығындағы қазақ мектеп-интернатына барады. Оның қабырғасында бала Шашубай жақсы оқуымен қатар белсенді, батыл жас болып қалыптасқан. Облыс оқушыларының арасынан алғашқылардың бірі болып бүкілодақтық “Артек” пионер лагеріне барып жүргені де соның арқасы. Осы оқиға бала Шашубайға ерекше әсер етіп, одан алған рухани ләззаттің ыстығы әлі күнге ұмытылмайды екен.
Мектептен кейін Шашубай Малдыбаев Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бұл жерде Шәкең қазақтың Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Зейнолла Қабдолов, Мұхамеджан Қаратаев, Мүсілім Базарбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзатай Серғалиев сияқты оқымысты ғұламаларының алдынан сабақ алған. Бұлар қазақ тілі мен әдебиетінің ең озық білгірлері, олар халықтың төл әдебиеті мен теорияны ұштастырудың даңғыл жолын салған ғұламалар. Әрқайсының ағып тұрған білімі мен білігі бар. Олардың алдын көрудің өзі бір бақыт. Шәкең – сол бақытты бастан кешкен жан.
Университет қабырғасында жүргенде де Шашубай Малдыбаев белсенді студент болыпты. Ол өзінің жолдастарының арасында түрлі мәдени шаралар өткізудің ұйытқысы болып жүреді. Алғашқы әні “Келші, жанымды” студенттердің құрылыс отрядында Павлодар облысында жүргенде шығарған екен. Сүйген қыздарына жүрегінің сырын жеткізуге бата алмай жүрген талай жолдастарының өлеңдеріне де ән шығарған. Олар жастар арасына кең таралып, кейбір қыздардың жүректерін жылытқан. Мысалы, кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болған курстасы Уәлихан Қалижанның сүйген қызына арнаған “Қызғанамын” деген өлеңіне ән шығарып, ол жастар арасына кең таралып, ақыры екеуінің жүректері жарасқан екен.
Әнші әрі сазгер жігітті жолдастары да қолдады. Сол жылдары ол университеттегі белгілі жастың біріне айналды. Сөйтіп, Шәкеңнің ұйымдастырушылық белсенділігі осы, қазақтың қарашаңырағы – ҚазМУ-де қалыптасқан. Ол көптеген курстасының тойын, шығармашылық кешін ұйымдастыруға атсалысты.
Университетті бітіріп елге келген жас 1971 жылы облыстық “Ленин туы” газетінің табалдырығын аттайды. Мұнда оны сол кездегі редактор Уәп Рахымжанов жұмысқа қабылдап, Уәра Нұрсейітов, Абай Қазиев, Серік Қасенов, Ғазез Нұрмолдин, Мұхаметқали Нұрғожин, Рашид Бәдірленов, Тұрысбек Қадыров, Бақыт Мұстафин, Сабыр Сауытбаев, Мұрат Нұрмұқанов сияқты журналистер жас әріптестеріне өздерінің білгендерін үйретіп, дұрыс бағыт сілтейді.
Жергілікті билік қоғамдық белсенділігі жоғары жасты редакцияда қалдырмай, жастар арасындағы жұмыстарға тартады. Кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіреді.
Алайда бойында шығармашылығы, өнерге құштарлығы бар жас қайтадан өзін ұшырған “Ленин туы” газетіне оралып, осында ұзақ жылдар бойы бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Шәкеңнің қоғамдық белсенділігі, әсіресе, осы жылдарда шыңдалып, жоғарыда аталған мәдени шараларды ұйымдастырып жүргені өмірінің осы кезеңі.
Шәкең 40-қа жуық ән шығарды. Соның ішінде халық арасына кең тараған әндері де аз емес. Ал 1996 жылы ол Жамбылдың 150 жылдығына арналған әуесқой сазгерлердің халықаралық конкурсына қатысып, жүлдегер атанған еді. Көптеген әндерін Шәкеңнің өзі, біразын танымал әншілер Қазақ радиосында шырқады.
Зейнетке шығар алдында Шәкең оншақты жыл мемлекеттік қызметте болып, ақпарат және қоғамдық келісім саласында қызмет атқарды. Қазір ол отбасылық жағдайымен Алматы облысының Қаскелең ауданында тұрып жатыр.
Шәкеңнің мінезі кең, көпшіл, ашық жарқын. Ол жерлестеріміздің алға басқанына, шығармашылық немесе басқа салада биік табыстарға жеткеніне үнемі қуанып жүреді. Солар туралы жазылса, айтылса екен деп алыста жатса да жанкүйер болып, шырылдап жүргені. Самал Есләмова деген қызымыз Канн кинофестивалінен бас жүлде алғанда елордадағы бізге хабарласып, қарындасымыз туралы жазбайсың ба деп қолқа салғаны – соның бір дәлелі. Сондай-ақ, мерейлі жастың төріне көтерілген ағаларымыз туралы да қозғау салып, не өзі немесе қаламдас інілерінің біріне тапсырма беріп, жаздырып жатады.
Шәкең өзі көзі көрген, жақын араласып, қолына су құйған, әкесі арқылы жақын білген атақты адамдар С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Нұртазин, И.Әлібаев және т.б. туралы естелік кітап жазып, бастырды.
Жеңгей екеуі қазір екі ұлынан көрген немерелерінің қызығына бөленіп, Алматы баурайында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Жетпіс деген биікті бағындырған ағамыздың бақытты өмірі баянды бола берсін деп тілейміз.

 

Жақсыбай САМРАТ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp