
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде үш жылдан бері “Туған жер” жобасы аясында “Жас өлкетанушылар” үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда өңіріміздің өрендері облыс тарихын терең зерттеуге ден қоюда.
Соңғы уақытта үйірме мүшелері зерттеу нәтижелерін оқушыларға, сондай-ақ, алдыңғы толқынға таныстыруды бастады. Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды, олар дүниеге келген орындарды зерделеп жүрген Мирас Құрманғалиев жуырда Аққайың ауданының еңбек ардагерлеріне “Абылай және оның өмірі” атты тақырыпта экскурсия жүргізді. Аға буын өкілдері жас зерттеушінің жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
“Жас өлкетанушылар” үйірмесінің қатысушылары облысымыздың киелі жерлеріне, мұражайларға, архивтерге жиі саяхат жасайды. Киелі жерлер жайында мағлұматтар жинап, экспозиция материалдарымен, көрме ұйымдастыру жұмыстарымен танысуды да мақсаттарына айналдырған. Бастауыш сынып оқушыларын туған өлке туралы мақалалар, реферат жазуға баулып, өз ойларымен бөліседі.
Гүлнәр ЖҰМАБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы”
мұражай-кешенінің қызметкері.