
Кітап мен үшін әдебиет пен мәдениет, ғылым мен білім, өнер мен өмір ұштасқан шетсіз де шексіз көкжиек тәрізді. Жуырда жазушы Шерхан Мұртазаның туындыларын оқуды бастадым. Соның ішінде қаламгердің “Бір кем дүние” атты ой-толғаныс кітабы алғашқы сөзінен-ақ мені қиял әлеміне жетелеп, түрлі ойға батырды.
Бұл кітап өте мағыналы, жүректі шынайы тебірентетін шағын жазбалардан тұрады. Оқи отырып, өмір туралы түрлі ойға шомасың. Автор өмірден көрген-түйгенімен бөлісу арқылы бүгінгі ұрпақты рухани азықтандыруға талпынады. Оқырманды жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге шақырады. “Тіршілікті тірілтіп тұрған – мейірімділік”, – дей келе, халқының тағдырына алаңдап, ұлтын мейірімді болуға шақырады. Ең бірінші кезекте, автор “Бір кем дүние” туындысы арқылы өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылғандай болып көрінді. Мысалы жазушының “Имансыз болма” деген тұжырымы маған қатты әсер етті. “Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ Иман жоқ. Ең сорлы адам сол”, – деп автор оқырмандарына ой салады.
“Құр алақан” деген жазбасындағы жарты әлемдi жаулаған Ескендiр Зұлқарнайын туралы мына бір оқиғаның да тәрбиелік мәні зор. “…Александр Македонский өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi. Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi. Сөйтсе, бұл Ескендiрдің тiрiлерге:
– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған… Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды. Бiр кем дүние…”.
Шерхан Мұртаза жазбаларының бірінде адам жасы келген сайын жалғыздықпен дос болатынын, қатары кетіп, өмір, өлім туралы көп ойға салынатынын да тауып айтқан сияқты. “Жалғыздық жаман” тұжырымында автор “…жасың ұлғайған сайын құрбы-құрдас, қатарың кеми бастайды. Өз қатарың болмаса тойға барма деген”, деп, тақырыпқа орай өз өмірінен мысал келтіреді.
Ал “Дуананың жирен қасқасы”, “Нысап”, “Құр алақан” атты үзінділерде көрсеқызарлық пен тойымсыздықтың, нысапсыздықтың салдарын мысал ете отыра, оқырманын бұл қасиеттерден аулақ болуға шақырады. Бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің көңілінен шыққан кітаптағы аз сөзбен көп нәрсені аңғартатын әрбір ой-толғаныс кез келген оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Өйткені, оқырманның өзі де автормен бірге осынау дүрбелең дүниенің сан қырлы тұстарына көз жүгірте отыра, өмір жайлы толғанады.
Ырысжамал ӘЛЕНОВА,
“Қызылжар” орталық
мешітінің жанындағы әжелер
мектебінің төрайымы.