«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ КӨЗІ – ТАРИХ

“Ел тірегі” республикалық акциясы аясында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Ұрпақ диалогы” атты патриоттық шара өткізілді. Оған ардагерлер мен жастар, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық ұйымының мүшелері қатысты.

Шара барысында Қарулы Күштердің ардагері запастағы полковник Александр Кириченко жас буынға Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасу жолындағы жетістіктері жайында әңгімеледі. Жиналғандарға Қарулы Күштердің құрылуы, жерін жауға бермеген батырларымыздың ерлік істері мен қазіргі заманауи әскеріміздің жетістіктері туралы да біраз мағлұматтар берілді. Абылай ханның өмірімен танысу арқылы да балалар өткеніміз жайында білімдерін толықтырып, аға ұрпақтың ерлік, батырлық жайындағы өсиеттеріне құлақ түрді. Әсерлі әңгімеден соң мұражай қонақтары Абылай ханға арналған тарихи экспозициялармен танысты.
“Өскелең ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімін арттыру маңызды деп ойлаймын. Бүгінгі шарамыз осы мақсатта жүзеге асқалы отыр. Қазақстанның әрбір азаматы жасына қарамай борыш, абырой, жауапкершілік сияқты қасиетті міндеттеріне адал болуы қажет” – дейді қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Дәулет Толыбай.

Айман ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp