
Алматының қақ ортасында даңқты спортшы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Өткенге зер салсақ, қазақ спортындағы қайғылы оқиғалар осымен ғана шектелмейтініне көз жеткіземіз. Тоқсаныншы жылдардағы елдегі экономикалық дағдарыс көптеген спортшылардың теріс жолға түсуіне әсер етті. Тапсырыспен адам өлтіру, із-түзсіз жоғалып кету, ақша бопсалау, кепілдікке кісі алу, дүйім жұрттың көз алдында соққыға жығу секілді қылмыстың түр-түрінің нағыз өршіген тұсы да сол. Өкінішке қарай, сол бір жаман үрдіс бүгінге дейін жалғасуда. Біз бүгінгі мақаламызда адам қолынан қаза тапқан атақты спортшылар мен білікті бапкерлер жайында әңгімелеуді жөн көріп отырмыз.
1995 жыл. Алматыдағы Төле би және Яссауи көшелерінің қиылысында тұрған “Мерседестің” ішінен кикбокстан аса ауыр салмақтағы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Садықовтың денесі табылды. Біраз уақыттан соң қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Ол өзінің досы екен. Құрдасының күннен-күнге дәулеті тасып, тасы өрге домалай бастағанын көре алмаған жендет өзінің жеке көлігінде еш алаңсыз отырған Ерханға тапанша кезенген.
1996 жыл. Сол жылы елді дүрліктірген екі бірдей оқиға болды. КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Мұрат Жексембековтің Алматыдағы пәтеріне енген жауыз жиырма жерден пышақ салып, 55 жастағы азаматты асқан айуандықпен өлтірді. Иә, Жексембековті жанкүйерлер жақсы біледі. Алматының даңқты “Динамо” клубының капитаны болған қандасымыз 18 рет одақ біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Дәл сол жылы Шымкентте профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы іргелі жоғары оқу орнының бірінің іргетасын қалаушы Мардан Сапарбаев киллердің қолынан қаза тапты. Ғылым мен спортты ұштастыра білген азамат кезінде грек-рим күресінен КСРО-ның спорт шебері атанса, одан кейін көптеген мықты шәкірт тәрбиеледі.
1998 жыл. Сәуір айы бел ортаға жеткен тұста Қазақстан Республикасы таэквондо федерациясының президенті Бексейіт Түлкиевтің қарақшылар қолынан қаза тапқаны жайында жайсыз хабар жер жаһанды шарлады. Алматыдағы үйінің маңына жетіп, көлігін тұраққа қойып жатқанда тұтқиылдан шыға келген бәзбіреу атақты спортшыға пышақ салды. Қылмыскер сол күйі ұсталмай кетті.
2000 жыл. 3 мамырда Оралда түн бел ортадан ауған тұста самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері 37 жастағы Асқар Шайхиев өз үйінің іргесіне келіп, таксиден түскелі жатқан еді. Сол мезетте бетін тұмшалап алып, Макаров тапаншасымен қаруланған жендет оған оқ жаудырды. Атылған оқтың төртеуі де саңлаққа дәл тиді. Асқардың өліміне кінәлі адам табылмады.
2001 жыл. Ақпан айының аязында Қарағанды қаласында орын алған оқиға еске түссе, әлі де жаның түршігеді. Сол кеште “Офсайд” дәмханасында қонақтар бейқам демалып отырған. Бір мезетте баса-көктеп кірген он шақты жігіт “Калашников” автоматымен оқ жаудырады. Біраз уақыт өте қылмыс орнына жеткен полицейлер дәмхананың ішінен бес адамның мәйітін табады. Жан тәсілім еткендер арасында бокстан КСРО және Азия чемпионы, Атланта Олимпиадасына қатысушы 29 жастағы Бектас Әбубәкіров те бар еді.
12 тамызда тапа тал түсте қол күресінен әлем чемпионы Вячеслав Чиванинді үйінің іргесінде белгісіз біреу атып өлтірді. Киллер оқиға болған жерден лезде ізін суытып үлгереді. 44 жастағы спортшы сол жерде жан тәсілім етті. Табаны күректей 17 жыл өтсе де қылмысқа қатысы бар ешкім ұсталмады.
2002 жыл. 14 маусымда қазақ жанкүйерлері қара жамылды. Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан пәтерінің қасына жеткен тұста жендет әйгілі боксшы, даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ атты. 66 жастағы атақты спортшы сол жерде жан тәсілім етті. Бокс өнерін серік еткен қасиетті Түркістанның түлегі аса ауыр салмақта жұдырықтасып, биік белестерді бағындырған тұңғыш қазақ.
2004 жыл. Семейде кезекті жарысқа әзірленіп жатқан жас бапкер Дарын Сайынды таныс жігіт іздеп келіп, тысқары жерге шақырады. Біраз уақыт өткеннен кейін екеуі сөзге келісе алмай, ақыры жанжалға ұласқан. Жекпе-жекке шықса, жеңе алмайтынына көзі жеткен қарсыласы сөмкесінен мылтығын шығарды. Сөйтіп, жасы отызға да толмаған өрімдей жас азамат жарық дүниемен қош айтысты.
2008 жыл. Қаңтардың 1-нен 2-сіне қараған түні бокстан жастар арасында әлем біріншілігінің жүлдегері Мұхтар Рұзбаевтың МАИ қызметкерлерінің қолынан қаза тапқаны жайында ақпарат ел-жұртты елең еткізді. Сақшылардың сөзіне сенсек, Сейфуллин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында олар “Тойота-Сюрф” көлігін тоқтатқан. Ішінен атып шыққан үш жігіт полицейлерге шабуыл жасап, өздерін тарпа бас салады. Ал жәбірленуші жақ бұл дәйектің барлығын жоққа шығарып, МАИ қызметкерлері заңсыз қару қолданды дейді.
Бүгінгі таңда Қазақстан спортының мақтанышына айналған Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левиттің алғашқы бапкерлерінің бірі болған Асылхан Бұсырманов 29 ақпанда Қостанайдағы “Доброе” дәмханасында жергілікті кәсіпкер Валерий Алексеевтің қос ұлымен жанжалдасып қалады. Кәсіби спортшы жастарды сабасына түсіреді. Төбелес барысында бірінің жағы сынады. Арада бес күн өткеннен соң Алексеев спорт кешенінің қасына келіп, Бұсырмановты далаға шақырады. Кәсіпкердің көлігіне жақындаған бетте мылтық атылады.
15 қазанда Алматыдағы Момышұлы мен Маречка көшелерінің қиылысындағы бағдаршамға “Land Cruiser Prado” көлігінің тоқтағаны сол еді, жанына келіп аялдаған қара түсті “ВМW”-ның терезесінен оқ атылды. Еш алаңсыз отырған джиптің жүргізушісі, атақты кикбоксшы, аса ауыр салмақта Әлем және Азия чемпионы атанған Асқар Коханов ауыр жарақат алып, дереу №7 клиникалық ауруханаға жеткізілді. Арада 10 күн өткеннен соң ол ауруханада көз жұмды.
2009 жыл. 9 тамызда Шахтинскіде болған қанды оқиға да дәмханада шыққан даудан басталды. Ертесіне олар кездесетін жерді белгілеп, жандарына жора-жолдастарын жинайды. Достарына қолдау көрсету үшін Қарағандыдан аса дарынды боксшы, жастар арасындағы Азияның үш дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ермек Серіков те келеді. Бірден оқ жаудырады. Көп оқтың бірі Ермекке тиеді. Боксшы ауруханаға жеткізілгенімен, келесі күні көз жұмды. Ол небары 20 жаста еді.
2013 жыл. Маусым айында Маңғыстау облысы аумағында Азаматтық әуе авиациясының бұрынғы басшысы Мұхит Құбаев пен Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің экс-орынбасары, каратэден әлем чемпионы Серік Бимұрзиннің мәйіті табылды. Кейін белгілі болғандай оларды біздің елде нәпақасын тауып жүрген Өзбекстанның тумасы атып өлтірген екен.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН.