«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРҒАНЫШЫМ ӘРІ ЖАРЫЛҚАУШЫМ

Менің тағы бір жанға батар дер­тім – қазақтың тілі, қазақтың мә­де­ниеті, қазақтың ділі. Бар қазақи­лық­қа мен бала кезімнен бойла­дым, қазақилықпен менің қаным мен жаным сусындаған. Дәл осы арада мен немқұрайдылық, жай­барақаттық, алаңсыздық таныта алмаймын. Кейде мен өзімнің қа­зақ емес екенімді ұмытып кете­мін. Кейбіреулердің оны менің есіме салып қоятыны бар. 

Ресей немістерінің қасіретті тағ­дырын білем, ішкі жағымнан әрбір клеткам арқылы сезіне отырып, мен оны еріксізден қазақтардың тағ­дырымен қатар қойып, салыс­ты­рамын. Сөйтіп, көптеген ұқсас, ор­тақ нәрселер табам, оның ішіндегі кейбірі сергек қарауды керек етеді. Айталық, мысалы, маған со­ғыс жылдарындағы, соғыстан ке­йін­гі жылдардағы мен білетін қа­зақтар мейірімділеу, шынайылау, жомарттау, анағұрлым ашықтау бол­ғандай көрінеді. Жалпы қазақтар­да жақсы адами қа­сиеттер көп, оларды басқалар ғана емес, қазақтардың өздері де бай­қай бермейді. Бұл қасиеттер қа­зақ­тың тілінде, тарихында ауыз әде­биетінде, әндері мен күйлерін­де сақталған. Жүз жыл ішінде дауыл­ды, қасіретті, бейбіт те жорықты өмірінде қазақтарда ұлттық ділдің аса бай әрі мықты қоры жинақтал­ды, менің ойымша, күнәсі мен қы­зы­ғы мол осынау өмірде оны ұзақ та мәнді әрі мазмұнды тағдыр күтіп тұрған секілді. 

Иншалла! Әрдайым солай бол­сын!
Екінші жағынан мен қазақтар­дың ежелгі тектілігінен ажырап бара жатқандығын да байқаймын. Ол қазақтардың туған елге деген көзқарасынан, әртүрлі белгілер бойынша халықтың бөлінуінен, ата-баба аманатын жете құрметте­меуі­нен, үстірт, кездейсоққа әсіре елік­теуінен, бәрімен бірдей болып, ешкімнен кем қалмаудан туған тілегінен көрінеді. Дей тұрғанмен, мен үнемі айтып та жазып та жүремін: қазақтарға америкалық, ағылшын, француз, тіпті орыс бо­луға да ұмтылудың қажеті жоқ, ең бастысы – қазақ болып қалу керек, өз бойындағы қазақтықты сақтай білуі керек. Қазақтығыңнан жерін­дің бе – басқа да бола алмайсың, өзіңді мәңгіге де жоғалтасың. Туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетің­нен, діліңнен айырыласың. Өзің үшін де, ұрпағың үшін де, әлемдік өркениет алдында да “ешкімге” айналасың.
Мен осыған сенемін. Бірақ ме­нің сенімім, өкінішке қарай, бәрінің бірдей көзін жеткізіп отырған жоқ.
Осы мені қапаландырады.
Менің жан дүниемде қазақтың үні айбарлы әрі айқын естіледі. Мен өзімді, Абайша айт­қанда, толық адам деп есептемей­мін. Өмірдің бар қалтарысында қазақтар сөзсіз менің сенімді тұғы­рым болды. Қорғанышым, араша­шы­­ларым, жарылқаушыларым болды.
Өмір бойы мен үш мәдениеттің тү­йіскен торабында өмір сүріп, жұ­мыс істеп, солардың ортақ тамыр­ларын тауып келемін. Арасын бай­ланыстыратын буын болуға тыры­сып келемін, дей тұрғанмен, қол­дау мен зейінді, түсіністікті ең алдымен қазақтардан тауып жүрмін.
Білем, біреулерге мұным ұна­майды да, бірақ шыны сол. Мен мұ­ны мақтаныш етемін!

 

Герольд БЕЛЬГЕР.
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp