«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІ АСЫЛ ЕДІ

1941 жылы Қазақстан жеріне, соның ішінде біздің бұрынғы Тереңсай ауылына қоныс аударған неміс ағайындардың бірі Карл Бельгер болатын. Ол алғашқы сәттен-ақ еңбекқор, өз ісіне адал, биязы адам ретінде танылып, ауыл тұрғындарының ілтипатына бөленді. 

Ол кез партия жұмысының қызып тұрған шағы. Алыстан ат терлетіп келген жолаушыларды колхоз басқармасы Сейсенбек есімді ауылдасымыз жылы шыраймен қарсы алып, Қаражан деген азаматтың төрт бөлмелі үйіне орналастырды. Ауылдың үлкендері қонақжайлық танытып, көрші тұратын Есім бірінші болып Бельгерлер отбасын үйіне шақырып, дастарқан жайып, бар сый-құрметін көрсетті. Ол кезде ауылға келген қонақты өз туысындай көретін бір жақсы дәстүр болды ғой. Сол салт бойынша өзге отбасылар да Карл Фридриховичті бірінен соң бірі қонаққа шақырды. Жақынырақ таныса келе оның дәрігер екенін білдік. Ақ халатты абзал жан да өзін туған-туысындай жақын тартып, бауырына басқан қазақтардан көмегін аяған жоқ. Үйдің бір бөлмесінде басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарына ем-дом жасады. 

Соғыстың аты соғыс қой. Халықпен бірге біздің ауылдың тұрғындарының да жүдеп-жадап, денсаулықтары сыр берген кез. Олар фельдшердің үйінде ұзын-сонар кезекте тұратын. Карл Бельгер ем іздеп келгендердің бәрін қабылдап, түннің бір уағына дейін қағаздан бас алмаушы еді. Ол кезде Герольд 7 жаста ғана, әкесіне көмекші болып жанында жүгіріп жүретін. Ол үш апасымен бірге ауыл балаларымен тез тіл табысып, қазақ тілін меңгеріп алды. Бельгерлердің үйі де ерекше болатын. Карл Фридрихович жұмысынан қолы қалт етсе, үйінің айналасын жасыл-желекке толтырып, мұнтаздай тап-таза етіп ұстайтын. Балалары да ұқыпты жүретін.
Карл Бельгер өнерге жақын болды. Күндіз дәрігерлік қызметін тындырса, кешкілікте мектепке келіп, балаларға музыкадан сабақ берді. Сөйтіп, ел арасында үлкен алғысқа бөленді. Оның жүрегінің кеңдігін өзге ауылдың тұрғындары да сезінді. Карл Фридрихович ескі велосипедімен көрші орналасқан Көктерек, Мектеп, Қаратал, Алқағаш, Есілдің арғы бетіндегі Жаңажол, Жаңаталап елді мекендерін аралап, сырқат жандарға көмек көрсетті. Күн-түн демей, жаздың аптап ыстығы мен қыстың сары аязына қарамастан, жаяулап-жалпылап, бірнеше сәбидің аман-сау дүние есігін ашуына көмекші болған да осы Карл болатын. Ауылымыз Есіл өзенінен 5 километрдей қашықтықта орналасқан. Судың тапшылығын болдырмау мақсатында ауыл ішіндегі 4-5 құдықты да бір өзі тазалап, еңбекқорлықтың үлгісін танытты.
Герольд Бельгер де жастайынан жүрегі мейірімге толы әкесінің абыройын асқақтатып, ауылымыздың жақсы азаматы болып жетілді. Гера зерек болып өсті. Әкесі оған аудан орталығы Марьевка ауылынан түрлі әдебиеттер жеткізіп, бала қиялының жетілуіне жағдай жасады. Болашақ қаламгер мектепті үздік бітіріп, еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында жазушы болу мақсатына жетті. Мен – аға, ол іні болып, екеуара жақын араластық. Кейін туған ауылдан алыстасақ та, қарым-қатынасымызды үзбедік. Қазақ жұртшылығына жазушы, публицист, эссеші, сыншы ретінде танылған тұлға руханиятымыздың өркендеуіне зор үлесін қосты. “Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім – Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім”, – деген Герольд Белгердің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше болып қала бермек.

 

Жұмаш СЕЙІТБЕКҰЛЫ,
зейнеткер.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp