«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Солтүстік Қазақстан облысынан 33 сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды. Олардың 30-ы – Семей қаласында орналасқан артиллериялық әскери бөлімге, үшеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкіне жіберілді.

Болашақ сарбаздарды ата-аналары мен туған-туыстары шығарып салды. 80-нен асқан Күләш әжей Қарулы Күштердің қатарына Шал ақын ауданы Балуан ауылынан аттанып бара жатқан немерелері Қайсар Өмірзақ пен Саят Қажығалиевті шығарып салуға келген екен. Көпті көрген қария немерелеріне қасиетті парыздарын орындап болған соң, аброймен, аман-есен үйлеріне оралуларына тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.
Ел айбынын асқақтатар сарбаздарды алып кетуге келген артиллериялық әскери бөлімнің өкілі подполковник Дулат Ахметханов ата-аналармен жүздесіп, кіші-гірім жиналыс өткізді. «Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер азамат үшін абыройлы міндет. Елін, жерін қорғауға жауынгерлерді дайындау – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Сіздердің ұлдарыңызды әскерде жауынгерлік дайындықтан өткізіп, ер жүрек, болашақтан мол үміт күттіретін нағыз ер азамат етіп шығарамыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлдарыңыз «Армия» деген үлкен өмір мектебінен өтеді», – деп, қазіргі заманауи әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі мен күн тәртібі туралы түсіндіріп, ата-аналардың қойған сұрақтарына жауап берді.

АЙМАН ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы,
лейтенант.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp