«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ

Кеше таңертең Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне белгісіз біреу қоңырау шалып, Н. Назарбаев көшесі бойындағы 154-үйге бомба қойылғанын хабарлады.

Оқиға орнына дереу жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері 123 адамды, оның ішінде 46 баланы қауіпсіз жерге алып шықты. 9 қабатты үйдің айналасы қоршауға алынып, мамандар иттердің көмегімен ғимаратты тексерді. Операция бір жарым сағатқа созылды. Абырой болғанда, ешқандай бомба табылмады. Осы уақыт аралығында қоңырау шалушының жеке тұлғасы анықталды. Ол 1987 жылы туған қала тұрғыны болып шықты.
“Күдікті бұған дейін құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген, сотталмаған, басқа да жауапкершілікке тартылмаған”, – деді облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов. Ұсталған сәтте ол мас болған.
Күдікті Петропавл қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе шешілуде. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл бап бойынша айыппұлдан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp