«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРГЕНІ КӨП, ТӘЖІРИБЕСІ МОЛ

Ол күндегі әдеті бойынша жұмысқа ерте барды. Ақ халатын киіп, қағаздарын ретке келтірген соң терезенің алдына жақындап, көшедегі күйбІң тірлікке көз салды. Бірі қызметіне, енді бірі сәбиін жетелеп балабақша мен мектепке асыққан адамдар. Жандарын меңдеген дерттеріне дауа іздеп, аурухананы бетке алғандары қаншама? Оларға мейірім төгіп, науқастарынан айықтырғысы келеді. Төлен Сүйіндікованың әр жұмыс күні осындай көрініспен басталады. 

Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Төлен Көшкенқызының медицинаға қызығушылығы бала күнінен басталған. Ол 1955 жылы бұрынғы Чкалов ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүние келген. Дәрігер болуды мақ­сат еткен бойжеткен мектепті та­мамдаған соң арман қуып алысқа қанат қақты. Целиноград қаласын­дағы медициналық институтта терапевт мамандығы бойынша білім алған ол еңбек жолын ауылдан бас­тауды жөн көрді. Бір орында 39 жыл тапжылмай еңбек еткен дәрігер зей­нетке шықса да, жұмыстан қол үзген жоқ. Өйткені, көргені көп, тәжірибесі мол Төлен Көшкенқызы сияқты бі­лікті мамандар әрқашан сұранысқа ие. Сондықтан аудандық аурухананың ұжымы да оның еңбегіне дән риза. Жастарға үлгі көрсетіп, бар жиған тәжірибесін ізбасарлары­на үйретіп жүрген ақ халатты абзал жан қызығынан гөрі қиындығы ба­сым медицина саласын таңдағаны­на ешқашан өкінген емес.

– Ауылда фельдшерлік-акушерлік қосын болды. Кеңес өкіметі тұ­сында ауылдағы әйелдер сол жер­де босанатын. Менің де жеңгем сәбилі болып, күнде оған сорпа апара­тын едім. Фельдшерлік-акушерлік қо­сынның ішкі ахуалы маған жақсы әсер етті. Емдеу мекемесінің мұн­таздай тазалығын көріп, болашақта ақ халат киіп, дәрігер болсам деп ар­мандадым. Бүгінде сол арманым­ның жүзеге асқанына қуанамын, – дей келе Төлен Сүйіндікова басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға қол ұшын созу сауапты іс екенін айтты. Сондықтан ол өз мамандығын жақсы көреді.
– Болашағын медицинамен бай­ла­ныстырғысы келетін жастар о бас­тан-ақ бұл саланың қиындығы аз емес екенін түсінулері қажет. Жалпы әр­­бір адам жақсы маман болуға ты­рысуы керек қой. Ал дәрігер болу үшін білім ғана емес, уақыт, төзім, күш-қайрат қажет. Медициналық қыз­меткердің бойында көптеген жақ­сы қасиеттер болуы керек. Өйткені, біз адам жанының емшісіміз, – дейді ол.
Әр науқастың өміріне жауапкер­шілікпен қарайтын дәрігердің ізін бас­қан қызы Арайлым да бүгінде ау­дандық ауруханада терапевт бо­лып жұмыс істейді. Әріптестері Төлен Сүйіндікованың қызметіне адалдығынан бөлек кішілігі мен кісі­лі­гі туралы айтудан жалық­пайды.
 

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы. 
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp