«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

33 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Солтүстік Қазақстан облысында өрт жағдайы күрделі қалпында қалып отыр. Биылдыққа тіркелген 567 өрт барысында 33 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алды. Тілсіз жаудың салдарынан 58 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Өрттің басым бөлігі жеке меншік тұрғын үй секторында орын алды.

Талдау көрсеткеніндей, өрт себептерінің арасында ең жиі кездесетіні – отпен абайсыздық салдары. Одан кейінгі орындарда электр жабдықтарын және пештерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу тұр.
Жыл басынан бастап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан тұншықтырғыш газбен уланудан 1 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Адам шығынын болдырмау мақсатында тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу үшін іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылды. Жылыту маусымы басталғалы 35 мыңнан астам рейдтер жүргізіліп, 100 мыңнан астам адам қамтылды, 40 мыңнан астам жадынама таратылды. Мұндай шараларға қалалық мәслихат депутаттары белсене қатысуда. Депутаттық корпустың өкілдері Владимир Витченко, Александр Фомин, Мәдина Дәрібаева, Данияр Уәлиев, Олег Завьялов және Тимур Тоқмұхамбетов жеке меншік үйлердің тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, жадынамалар таратты.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері өрт шыққан жағдайда дыбыс беретін құрылғылар орнатты. Бұл істе жеке тұрғын үйлерде тұратын көпбалалы отбасыларға басымдық берілді. Жыл басынан бері облыс аумағында осындай 348 құрылғы орнатылды.
Бұл құрылғылардың көмегімен адам өмірі құтқарылған жағдайлар да кездесті. Атап айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылындағы жеке үйлердің бірінде пеш жанғанымен, улы газ датчигі іске қосылғанының арқасында отбасы мүшелері аман қалды. 5 бала тәрбиелеп отырған Гүлжаһан өрт сөндірушілерге мұндай құрылғы орнатып бергені үшін алғысын жаудырды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp