«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАТТАНДЫРУ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ


Петропавл қаласынан шыға берістегі, Борки, Новопавловка, Солнечный кенттерінде шыныдан жасалған аялдамалардағы олқылықтар, тұрмыстық қалдықтардың және қураған шөптердің үйінділері шағынаудандардың көркін бұзып тұр. 

Бүгінгі таңда Омбыға шығатын айналма жолдан бастап қаланың шекарасына дейін 13 аялдама бар. Олардың 2-уі – ескі үлгіде, ал 11-і – заманауи, шыныдан жасалған. Шағын бұзақылық және абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу үшін осы шағын аудандарда рейд өтті. Оның барысында №13 учаскелік полиция қосынының инспекторлары бес аялдама орнында ақаулықтар бар екенін анықтады. 

Тәртіп сақшылары бұл шағынаудандардағы саяжай қоғамдарының төрағаларымен кездесіп, адамдарды толғандырған мәселелермен танысты. Олардың айтуынша, жолдардың жанындағы тұрмыстық қалдықтар маңайдың көркін бұзады. Осы орайда қалалық әкімдікке мұнда қоқыс қалдықтарына арналған контейнерлер орнату керектігі туралы ұсыныс жолданды.
Петропавл қалалық полиция басқармасындағы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетовтің айтуына қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері бұл шағынаудандағы қоқыс қалдықтарын жинастырды. Енді оның санитарлық жағдайы жергілікті тұрғындар мен аялдамаларда автобустарды күтіп тұратын адамдарға тікелей байланысты.
– Тоғыз айдың ішінде аялдамаларды сындырудың 14 оқиғасы тіркелді. Мұндай әрекетке барған үш адам жауапкершілікке тартылды, – дейді ол.
Жалпы жыл басынан бері өңірімізде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 7111 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp