
«Өрлеу» біліктілікті арттыру институтында өлкетану пәні бойынша оқып жатқан мұғалімдер үшін алғаш рет облыстық полиция департаментіне экскурсия ұйымдастырылды. Мұғалімдер полиция ведомствосының мұрағатына, музейіне барды.
Құқық қорғау органдарының тарихы арқылы туған өлкенің сол кездегі тұрмысынан мағлұмат алуға болады. Ал жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысы кезінде майданнан жазған хаттары өткенге көз тастауға сеп. Ұлы Отан соғысына қатысты жәдігерлердің түпнұсқасы педагогтардың ерекше қызығушылығын туғызды.
«Қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты қылмыстық істерді қонақтар асқан толқыныспен парақтады, – деді облыстық полиция департаментінің ақпараттық-сараптама орталығы арнайы мемлекеттік мұрағаты тобының бас маманы Эльмира Валиулина. – Біз мұғалімдерге әйгілі жерлестеріміз, олардың туған-туысқандары туралы, сондай-ақ ҰҚК департаменті 2014 жылы облыстық полицияның иелігіне берген үш мұрағаттық қорды жүйлендіру жұмысы жайлы да әңгімелеп бердік».
Педагогтар бұл саяхаттан ұмытылмас әсер алды. «Музейдегі және мұрағаттағы экскурсия өте әсерлі өтті, – деді география және жаратылыс тану пәнінің мұғалімі Алена Якимова. – Бізге өткен дәуірдегі құжаттардың түпнұсқаларын көрсетіп қана қоймай, өз отбасымыздың тарихына терең үңілу жолдарын түсіндірді. Қуғын-сүргінге ұшыраған және Ұлы Отан соғысы жылдары тұтқынға түскен ата-бабаларымыз туралы мұрағаттық анықтама алу үшін бар болғаны халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек екенін білдім».
Мәселен, жыл басынан бері осындай өтініштер бойынша жиырма бір жауап берілді. Мұрағат қызметкерлері тарихшыларға бірнеше рет көмек көрсетті, сондай-ақ биыл мұрағатта алғаш рет Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ғылыми жобаларын жазды. 9 айдың ішінде полиция музейінде 94 экскурсия ұйымдастырылып, 2349 адам тарихпен танысты. Туған өлкенің тарихымен танысамын деушілерге олардың есігі әрдайым ашық.