«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖҮРЕ ТҰРСАМ ӨЛЕҢНІҢ ҮЙІРІНДЕ…”

СЫРЫМБЕТ

Ұлы Ақан ардақтаған “Бесігім!” деп,

Мекенсің қасиетті, о, Сырымбет!
Сырласқан самалменен, мың бұлақпен,
Мұңдасқан Ай нұрымен не сырың көп. 

Әлпештеп, ел аялап, халқың құндап,
Болғансың ұлыларға алтын құндақ.
Даланың дүлдүл жырын, бұлбұл әнін
Қондырдың жүрегіңе жарқын нұрды ап.

Сырымбет, жүрегің – ән, өлең – төсің,
Көркіңмен көкіректі кеңейтесің.
Жөргекте серілерді құндақтадың,
Аялап Ақан сынды ел еркесін.

Туындап сері Ақанның қаншама әні,
Құшағы Сырымбеттің тамсанады.
Сол әнге елтіп көлдің көк толқыны,
Даланың үн қосады сал-самалы.

Ертегі секілді бір ертедегі,
Даланың әнге ынтық ерке желі.
Ғашықтық сырын жайған әніне елтіп,
Ақанның жұмбақ күйін шертеді елі.

Ел-жұрттың әлде аңызы, әлде шыны,
Сырымбет – алты алаштың ән бесігі.
Айрылған Құлагердей арысынан
Ақанның тебірентпей ме зар кешуі?

Тұрғандай осы зардың үні келіп,
Сырымбет әнмен тұрған күңіреніп.
Қойнында кеткендейін ән тұншығып,
Ақанның қалғандайын жыры да өліп.

Ұртының бірі – май да, бірі – қан да,
Қазақтың жанды аяйтын түрі бар ма?
Бермесе, барымталап малын алар,
Тұлпарын ұрып жығар, құрығанда.

 Ерте кеп айлық жерден ерегесін,
Жауының жер қылатын керегесін,
Дау қуған, дақпырт қуған бұл қазақтың
Атжарыс қоздырмай ма делебесін.

Ән салса болмаған еш мерейден кем.
Бәйгеде Тәңір бағын жебей берген.
Сорлы Ақан осы жолы Құлагердің
Құшақтап басын қайтқан Ерейменнен.

Атырып Құлагерсіз құба таңды,
Қайғысы ғаріп қылған ұлы Ақанды.
Дала – дос, жел – сырласы, көл – мұңдасы,
Беймәлім өзге жұртқа мұраты алғы.

Жүрегін шалқытқанда нұр қылатын,
Әнінен табушы еді-ау шын қуатын.
Сырымбет қойнындағы қалың елі
Ұқпады тас жүрекпен бұл мұратын.

Жан келмес ширегіне білгенінің,
Жуады әніменен кір көңілін.
Айтысса – алдаспандай қиып түсер,
Аспайтын айбынынан кім де кімің.

Ада боп сұңқары мен тұлпарынан,
Айрылған сүйген жары – іңкәрінан,
“Қоскөлге” күңіреніп, мұңын шағып,
Жан-жадау, көңіл-жүдеу, күрт арыған.

Кетердей қанат сермеп, сері көктеп,
Өсектің ел таратқан желін өкпек.
Айтқасын “Оны алған, деп, пері иектеп”,
Сорлы Ақан қу даланы серік етпек.

Улы өсек өлтірмей ме еңселіні,
Жүрекке жылан болып енсе мұңы.
Медиен құла түзді мекен еткен,
Дала – дос, көл – мұңдасы, жел – серігі.

“Ақанның ойрандаған ордасын жын!” –
Таратқан бір өсегі ол да сұмның.
Махаббат іздегенмен таптырмайды,
Езеді тұла бойын қорғасын мұң.

Кім сезген тас жүректі сырын көптің,
Серінің сейілте алған мұңын кеп кім?
Жүрегін тулатпастан бұрынғы екпін,
Қойнында қалған жұмбақ Сырымбеттің…

Осылай өте шыққан көмескі күн,
Баршаға байыз бермес елес бүгін.
Айғақтап тұра берер келер заман
Ақансыз өнер өнер еместігін.

АЙ МЕН АРУ

Япырмай, Ай сұлу ма, қыз сұлу ма,
Көңілім осы күймен қыстығуда.
Бетіне Бурабайдың сәуле шашқан
Бір күш бар сол сұлудың ұшқынында.
Қауышып, түнде келіп Бурабаймен,
Тұрған ару таласты туған Аймен.
Мұны көріп қалайша тек тұрарсың,
Көзің түсіп аруға, туламай дем. 


Ару тұр-ау менсінбей сұлу Айды,
Әрине, бұл Көкшенің түні ұнайды.
Су түбіне жіберген Сұлу Айды,
Айдын ғана аймалап жымыңдайды.

Шахрабазға бейне бір ұқсап барам,
Дәрменсіздік жанымды тұсақтаған.
Су бетіне қараймын қызғанышпен
Сол аруды армансыз құшақтаған… 

БҰЛ ӨМІР

Бұл өмір сонша неге құбылмалы,
Құбылмалы,
Оны жаным ұғынбады.
Әлек-шәлек, әйтеуір, бұл тірлікте
Бозторғайы көңілдің шырылдады. 


Мен, әйтеуір, білмеймін не іздейтінін,
Шырылдаса, көп екен сезбейтінім.
Аңғара алмай әлі де келем, тегі,
Менің елден, елдің не көздейтінін.

Тұман кешіп кеткендей бір бұлыңғыр,
Тұла бойға түн келіп, тұр іңір құр.
Досым деген адамым тайқып шығып,
Ел алдында сағымды сындырып жүр.

Сезсем-дағы, мұны тек көтерумен,
Дос алдында парызды өтедім мен.
Бұл өмірдің, өйткені, жас басымнан,
Қиындығын, сынағын өте білгем.

Өмір осы қорлайды, өшің қарғап,
Кетер кейде сенімді досың да алдап.
Жақынға да жасаған жақсылығың
Еш болғанда еңбегің есіл болмақ.

Қайда, қайда,
Шіркін-ай, сол балалық,
Есеюге әкелді жолдар алып.
“Өткен күнде белгі бар” деген анық,
Сол белгіні іздеумен толғаналық.

Амал қанша мені ешкім ұғынбаса,
(Сездірмейін десем де мұнымды аса)…
Төрт құбылам теңселіп кетердеймін
Бозторғайы көңілдің шырылдаса. 

АБАЙҒА ҒАНА ЖҮГІНЕМ

“Биік мансап – биік жартас,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады…”
Абай 37-ші сөз. 


Кештім де ғұмыр әр шағын,
Ізгілік, сені, аңсадым.
Аңсадым, дел-сал шаршадым,
Тілемей өмір мансабын.

Көрместен жұртты кінәлай,
Көңілге қонып ұстамы,
Балауса күннен ұлы Абай
Адамдық жолын нұсқады.

Шықпады ғибрат көңілден,
Кетес де қажыр-берекем.
Мансап-жұт деген өліммен
Ойласам, нап-нақ тең екен.


Ұсынар елге ой дайын,
Тұратын әман санада.
Мейлі, мен қыран болмаймын,
Жыланға бірақ балама!

Ойды ой қозғап, түлетем,
Қамайды бойды сан ойлар.
Жанымда менің жүр екен
Жыланнан аумай талайлар.

Езеді өмір қалайда
Зілмауыр батпан жүгімен.
Қиналған шақта Абайға,
Абайға ғана жүгінем.

ШАБЫТТЫ АҢСАУ

Бұлт ішінен келеді Күн шығарғым,
Күн шығару оңай ма? – білсін әркім.
Жырды аңсаған жүрекпен шабыт іздеп,
Ой-сорапқа түсермін, тұншығармын. 


Қою аспан төсінен Ай шығарғым
Келген шақта ойымды қамшылармын.
Әуезді жыр әуенін төгер болса,
Кәусарына тойынып, қансын әркім.

Кірпік ілмей, тұсалып ой-қамауға,
Болмайды ғой тереңге бойламауға.
Мазасыз түн жеткізіп таңғы арайға
Шабыт, шіркін, жоғалған сонда қайда?

Жыр қонғанда көңілім қалған емен,
Шабыт – дария аққанда арнаменен,
Бозала таң бозарып атқан шақта
Ақ қағазға өрілсе арман-өлең.

Арман-өлең шығармай үнін майда,
Беймаза күй келмейді-ау бір ыңғайға.
… Қою түннен шығатын Айым қайда,
Бұлт ішінен шығатын Күнім қайда?

ӨЗІҢДІ ОЙЛА, КЕЛЕШЕК КЕЗІҢДІ ОЙЛА!

Бір мадақты біреуден естігенде
Дәл өзіңдей көрінбес ешкім елде.
Өзіңді ойла, келешек кезіңді ойла,
Мақтауға емес, ере біл естілерге.
Мадақ жолы – бой бермес ол бір сілем,
Көбік сөздің салмағы аз көлгірсіген.
Арылмайсың алдаған аярлықтан,
“Өзің – дана”, “Сен ғана жөн білшіден?” 


Құрметтеген болады алға салып,
Не амал бар ақыл мен қонбаса құт.
Талайлар жүр нан пісіп кеудесіне
Қиястанған қулықпен алдаса жұрт.

Соны ойласаң, боларсың өрелі сен,
Өнегесін жақсының көре жүрсең.
Есең кетпес өмірде бір алданып,
Естілерге қылаусыз ере білсең.

Құр мадаққа болмауға анық құрбан,
Аярлықтан аулақ жүр жалықтырған.
Бұл қазақтың ежелгі сырқаты ғой,
Бір ұрты – май, бір ұрты – қан
                                               тамып тұрған…

БҰЛ – АҚИҚАТ, БҰЛ – ШЫНДЫҚ БҮГІН МЫНА!

Көз салғанмен ғаламның

Кеңдігіне,

Ағысынан кетті ғой сең бүліне.
“Жасарымды жасадым” деп жүреміз –
Айтар уәж сол ғана ендігіге. 


“Ендігіміз” емес пе
Келешегім,
Елді айтарда мен бұлай демес едім.
Қайран қалам, дәуірлеп тұрған кезден
Бұзып алдық өмірдің неге сеңін?

Құр жемтікке құмартқан
Бүркіттейін,
Десем-дағы ел-жұртты үркітпейін,
Кеңірдекке кептелген қақырықтай
Қоя алам ба шындықты іркіп кейін?

Пайым керек адаспай
Тануға елді,
Ақиқаттың анығын қауым көрді.
Көріп жүрміз мүсәпір сорлыларды,
Көріп жүрміз қалталы тәуірлерді.

Бұрын заман жаңылса –
Қайда қапты,
Жемқорларды Тәңір де аймалапты?!
Шет асырып жіберіп арамзаны,
Шідерлемей келеміз бай-манапты.

Әлжуазды
Алқымдап, буындыра,
Тойдырамыз кір-қоқыс, жуындыға.
Алпауыттар, алаяқтар аспанда жүр,
Бұл – ақиқат, бұл – шындық бүгін мына!


 КЕШІР, АҒА!

Кешір, аға!

Мен жаңылып кеппін,
Өкінемін, келіп жүр сан ұрып кеткім.
Қыран түспей, көзіме қарға ілініп,
Қоябаны “Самғаған Самұрық!” деппін

Кеш болса да,
Кеш, аға, кешір мені,
Сылып тастап ренішті төсіңдегі.
Мен айтқанмен дүние өзгермейді,
Таусылмайды жақсының есіл демі,
Елге өнеге болған соң есімдері.

Баяғыдай бойдағы
Жалын қайда,
Өмір жақсы-ау қуарып, тарылмай да?!
Бар болғаны тағдырлас біздер түгіл,
Бір анадан туған да жаңылмай ма?

Біз өмірде
Іргелес жүрген едік,
Соншалықты кетпеппіз ірге бөліп.
Ажарыңды аямай көрсет, аға,
Ақылға бай едің ғой, түрге – көрік.

Не боларын ойламай
Ертеңінің,
Ер Төстігі секілді ем ертегінің.
Алғы күнге алқынбай баса берші
Еріп жүр ғой соңыңнан тентек інің…

Тарылғандай көрмейік
Барша әлемді,
Тәңір бізге ғұмырын қанша берді?
Бармағыңды шайнарсың, бұл ініңнен
Абайсызда көз жазып қалсаң енді…

ЕРТЕГІ МЕН ҚИЯЛ-ДОС

 

Ойлаймын да кейде мен ертеңімді,

Өзім ойлап, шертемін ертегімді.

Бала күннен хиссаны көп жаттағам,

Қиял-досым ертегі шерте білді.

 

Анам мені әлдилеп, ерке қылды.

Аңыздардан үйрендім көркеюді.

Қиял-досым мінгізіп бозтұлпарға,

Өмір менің өсірді өркенімді.

 

Өсірсе де сол өмір өркенімді,

Мұңайғанда көзімнен сел төгілді.

Қиял-досым мінгізген бозтұлпарым,

Шамырқанып шабарда жер тебінді.

 

Бозтұлпарым өлеңге ерік беріп,

Қараөлеңде Қасымға еліктедік.

Сырбайлардың сырлары жалын жағып,

Сол үйірге қосылдым еріп келіп.

 

Ертегімнің сыры осы түйінінде,

Қиял-достың сыйлаған сыйы мін бе?

Арманым тек жақсы жыр жазу болып,

Жүре тұрсам өлеңнің үйірінде!

 

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp