«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛДІ

Мағжан Жұмабаев ауданында бөгет заңсыз салынып, бұл құрылыс жергілікті кәсіпкерге балық шаруашылығымен айналысуға кедергі келтірген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуының арқасында бұл мәселе оң шешілді. 

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлік құқығына нұқсан келгендігі жөнінде оларға “Водолей – 2017” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Азамат Самаратов арызданған. Кәсіпкер Мағжан Жұмабаев ауданындағы Камышлово көлін бірнеше жылдан бері жалға алып, балық өсірумен айналысқан. Алайда, 2017 жылы Камышлово мен Половинное көлдерінің арасында рұқсатсыз бөгеттің құрылысы басталған.

– Бұл екі су қоймасы да бір жырасайдың бойында орналасқан. Арасы бөгетпен жабылғандықтан Камышлово көлі суының тартылып қалу қаупі туды. Сондай-ақ, көктемде қар ерігенде бөгет судың жолын бөгеп, жақын маңдағы елді мекендерді су басуы мүмкін. Бұл аудан әкімдігі мен басқа да уәкілетті органдарға маусым айында белгілі болғанымен, еш шара қолданылмаған, – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.
Аудан әкімдігі тамыз айында бөгетті алып тастауға уәде бергенімен қазан айына дейін жұмыстар басталмаған.
Рұқсатсыз салынған бөгет жайы облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралды.
– Экологиялық заңнамаға сай кез келген нысан, соның ішінде гидротехникалық құрылыстар мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өтуі тиіс. Оның қоршаған ортаға – атмосфераға, жерге, жерасты суларына, жануарлар әлеміне әсері ескеріледі. Ал бұл бөгет бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген жоқ. Мұндай құрылыстар анықталған жағдайда жергілікті атқарушы орган оны өз балансына алып, қызмет көрсетуі керек, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімов.
Алайда, әкімдік еш бақылаусыз салынған бөгетті алғысы жоқ. Бөгетпен негізінен шаруалар өздерінің алқаптарына қысқа жолмен жету үшін жүреді екен. Сол себепті құрылысты бұзбай, екі көлді құбыр арқылы байланыстыруға шешім қабылданған. Бұған оқиға орнына барып, жағдаймен танысқан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы да қарсы болмаған.
– Мәселені маусым айынан бастап айтып келемін. Бірақ тыңдар құлақ болмады. Қазан айының басында облыстың кәсіпкерлер палатасына арыздандым. Екі күннен кейін мәселе кеңесте қаралды. Бірер күннен кейін бөгетте тиісті жұмыстар басталып кетті. Қазір көлге су құбырлар арқылы келіп жатыр. Мәселе толығымен шешілді, – деді кәсіпкер Азамат Самаратов.

 

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp