«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ÁZİL ÁLEMİ

АБАЙДАН БАСТАЙМЫН

Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы қарсаңында, ақын Бақыткерей Ысқақовтан әріптесі Серікбай Оспанов Жеңіс туралы өлеңдер жинағын құрастырып беруін өтінеді. Ол ойланбастан: 

– Жарайды, әдеттегідей Абайдан бастаймын ғой, ә – деп сұрайды.

 Сонда Серікбай:
– Иә, Абайдың “Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қоймасынан” бастарсың, – депті әзілдеп. 

ҚЫРЫҚ БЕСПЕН СІЛТЕДІК”

Этнограф ғалым, жазушы, сатирик Сейіт Кенжеахметов досы Төкен Елтебаевтың “Жигули” машинасына отырып, екеуі Амангелдіге бет алыпты. Төкен аға асықпай жүреді екен, бұларды артынан келген машиналардың бәрі басып озып кете беріпті. Бірақ оған сасатын Төкең аға жоқ. Ақыры жететін жерге жетіпті-ау. 

– Иә, қалай жақсы жеттіңдер ме? – депті бұлардан жігіттер. Сонда Сейіт Кенжеахметов:

– Арқалықтан шыға біз де қырықпен сілтедік. Бірақ бізді самосвал да басып озды, бензовоз да басып озды, трактор да басып озды! Болмаған соң қырық беспен сілтедік! Сол бетімізбен екі бірдей машинаны басып озып тарта бердік. Артыма қайырылып қарасам, екеуі де тоқтап тұрған машина екен, – депті.

БАЛУАН СӘБИТ

Сырбай Мәуленов 1949 жылы Сәбит Мұқановтың туған ауылына обкомның өкілі ретінде екі рет іссапармен барады. Бір жолы жер жыртып, дән сеуіп жатқан кезде барады да, екінші жолы астық жинау науқанына қатысып қайтыпты. Соның алдында Сәбең туған ауылына өз қаражатына бір жүк машинасын сатып алып берген екен. Сол машина жиын-терім науқанында кәдеге жарап, 11 мың пұт астық тасымалдайды. Аудан, облыс көлемінде мақталып, сөз болады. Әрине, Сәбеңнің аты да талай мәрте құрметпен аталады. Сырағаң Алматыға келген соң Сәбеңе жырдай ғып айтып берсе керек. Сонда Сәбең қатты толқып:

  • Апырмай десеңші, Балуан Шолақ 51 пұт кірдің тасын көтердім деп мақтанып өлең жазып еді, мен 11 мың пұт көтерген болдым ғой онда! – деген екен. 

  • ДЕПУТАТТЫҢ РУЫ 

  • Ақын Қадыр Мырза Әлі бір кездері Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат болып тіркеліп, сайлаушылармен кездесу өткізіп жүреді. Бір елді мекендегі кездесуден соң совхоз директоры Қадекеңнен руын, не ел екендігін сұрайды. Ақын жорта аңғармаған болып, жауап бере қоймайды. Кездесуден соңғы дастарқан үстінде әлгі сауал тағы қайталанады. Сонда сөз тапқыш Қадыр ақын:

– Қарағым, дейді. – Депутатта ру болса, болатын шығар, ал депутаттыққа кандидатта ру болмайды ғой, – деп әлгі кісіні сөзден тосыпты.

 

 

ДАРАБОЗ БЕН ПАРОВОЗ

Өнер адамдары бас қосқан шағын отырысты жазушы Қали Сәрсенбай жүргізіп отырса керек. Жақсы әсерде отырған ол ретті сөз кезегі келгенде атақты актер Асанәлі Әшімовті дәріптеңкіреп: – Сіз дарабозсыз, деп қолпаштап сөз бастайды да дереу тілін тістей қояды. Өйткені, тап сол дастарқанда атақты ақын, классик жазушы, жасы да үлкендеу Қадыр Мырза Әлі де отыр еді. Әлгі әңгімесінен қарадай қиналған Қали аға сөз тауып: – Асағаң – дарабоз болса, Қадыр аға, Сіз – паровозсыз, – деп тапқырлық танытып кетеді.

ТАМАША КӨЛІК

Күндердің күнінде сатирик Көпен Әмірбек өзінің су жаңа “Нива” көлігімен келе жатса, Садықбек Адамбеков жолай ұшырасып: – Мәшинең құтты болсын, мені үйге апарып тасташы, – дейді қолқалап. Жасы үлкеннің сөзін жерге тастамайтын Көпекең қарсылықсыз келіседі. Сәкеңнің әдеті сол, көлік атаулының алдына отырмайды екен. “Ниваның” есігі екеу-ақ. Артына отыру үшін алдыңғы есікті ашып, орындығын ілгері құлатып, адамдар үңгірге кіргендей тоңқаңдап артына бауырлап өтеді. Сәкең де сөйтеді. Үйінің есігінің алдына әкелген соң көрімдік дәметкен Көпен:

– Аға, көлігім қалай екен? – дейді. Сонда Садықбек Адамбеков:

– Отлично! адамды құйрықтан теуіп мінгізіп, сақалдан сүйреп шығарады екен! – депті…

“ЗЫП БЕРЕЙІК…”

Университеттегі оқудан кейін жұмысқа орналасу үшін Алматыға тіркеуге тұру керек. Қиналып жүрген Кәкен Қамзинге атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев қол ұшын береді. Сол кездегі Комсомол көшесіндегі өз үйіне тіркеуге қояды. Енді оны жуу рәсімі бар емес пе? Әнекең өзінің досы – Әнуар Әлімжановтің туған ағасы – Қазақ радиосының дыбыс режиссері Абдолла Қылышбаевты қосып алады. Жүре келе “Қазақфильмнің” режиссері Абдолла Қарсақбаев ұшыраса кетеді. “Жүргенге жөргем ілігеді” демекші, тағы бір орамнан өте бере алдарынан “Қазақтелефильмнің” режиссері Тұраш Ыбыраев шыға келеді. Сонда Кәкен ағаларына қарап:

Енді Лукино Висконти мен Федерико Феллини келмей тұрғанда, тездетіп мына “Есік” ресторанына зып берейік, – депті.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp