«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТҰЯҒЫ

Халқымыздың “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген қанатты тәмсілі Шерияздан Ғаббасұлының отбасына да қаратыла айтылғандай. Жастайынан тағдырдың сан түрлі сынағын өткерсе де, мойымаған ақсақал бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының үлгі тұтар сүйенішіне айналып отыр. 

Шерияздан ата бүгінде балалары мен немерелерінің орта­сында бақытты ғұмыр ке­шіп отырға­нына шүкіршілік етеді. Ол әке­сінен ерте айырылды. Әке­сіз өмір­дің қиындығын жақсы түсінеді. Сондықтан да бауы­ры­нан тара­ған балаларын мейірімінен кенде қылмай өсірді, оқыт­ты. Әңгіме­мізді сәл әріректен бас­тасақ, асқар тауынан ерте айырылғаны жанына батқанынан болар, ба­ла­лық шағы мен туған шаңырағын­да өткен бақыт­ты сәттер жиі еске оралып, тұла бойын қимастық сезім билейді.

Шерияздан Ғаббасұлының атасы Сыз­дық көзі тірісінде ауыл тұрғындары арасында зор бедел­ге ие болыпты. Арабша хат таныған ауыл молдасы сола­қай саясаттың кесірінен көп теперіш көрген екен. Сол кезде бала Шериязданға да үлкендер­мен бірге бас сауғалап, елден қашуға тура келген. Атасы мал-мүлкін түгелдей ағайындарына таратып, өзі зайыбымен және екі баласы­мен Сібірге жер ауа­ды. Шериязданның әкесі Ғаббас өлең-жырға да әуес болған екен. Әнді нақышына келтіре орында­ғанда оның дауысына таң­данбаған жан қалмапты. Сыздық кенеттен дүние салған кезде бар ауыртпалықты өз мойнына алып, әкесінің жоқтығын білдіртпеуге тырысады. Сөйтіп, Ғаббас қара жұмысқа ерте араласып, жал­­ғыз ұлы Шериязданды да еңбекке баулиды. Ғаббастың уақыт өте келе Сібір аумағында абыройы артып, ол да ата-бабасы сияқты белді азаматқа айналады. Шериязданның шілдеханасында жиналған жұртшы­лықтың сұрауымен ән салып, өнері өрістей түседі.
Барлық ауырт­палықтар артта қалды деп жүргенде бұл отбасы тағы бір қиындыққа тап болады. Бұл жолы Ғаббасқа “қашқын” деген жала жабылып, ол абақ­тыға айдалады. Бірақ жа­зықсыз жапа шеккен ер-азамат кетіп бара жатқан жерінен салт атты әскердің құрсауынан қашып шығады. Бірнеше шақы­рымға созылған ну ормандарды кесіп, жаяулап-жалпылап отбасы­на жеткенімен, қара суықтың кесірінен ауруға шалдығып, небары 34 жасында дүниеден озады. Оның артында қалған жалғыз тұяқ осы Шерияздан болатын. Арқасүйерінен айырылғаннан кейін анасы басқа адаммен тұрмыс құрмақ болады. Бірақ Шерияздан бұл ше­шімге көнбей, “еріп келген бала” атанбаймын деп, ағайындары­ның үйіне барып тұруды жөн санаған екен.
Ол мектепті бітіргенше туысқандарының қолында тәрбиеленді. Ол кезде тірлік басқа. Қа­зіргідей ас-су, киім-кешек пен төсек-орын “үйіліп-төгіліп” жатқан за­ман емес. Жастайынан жетім­дік­тің зардабын көрген азамат өмір­дің бұл сынағына да шыдап, кез келген қиындыққа мойымауға тырысады. Алдымен, жұрт қатарлы білім алып, ағайын-туыстың көңілі­нен шығуға ұмтылады. Әскерге барып келгесін күндізгі бөлімге оқуға түсіп, өз от­басына қамқор бола білді. Жары Мәриям да байсалды, төзімді мі­незінің арқас­ында бар ауыртпалыққа шыдап, отбасын бақытты етуге тырысып бағады. Жұбайы оқуға кеткенде сәбиіне бас-көз болып, үйдің ша­руасын ұршықша иіріп отырыпты. Осын­­дай жарасымдылықтың арқасында ерлі-зайыптылар өзгелер қатарлы үлгілі өмір сүріп, қызмет істеп, өз ортасында абырой­лы жұп атанады. Балаларының да үлгілі болып өсуіне бар күш-жігерін салады. Бүгінде Шерияз­дан Ғаббасұлы немерелеріне де жақсы тәлім-тәрбие беруге айрықша көңіл бөлуде. Алдымен ол өз жобасы бойынша зәулім үй салып, соның бір бөлмесін шеберхана етіп жабдықтаған. Онда сүйікті ісімен айналысып, немере­лерін еңбекке баулуда.
Ақсақал әңгіме бары­сында: “Үйде қол қусырып отыра алмаймын. Бізді еңбек тәрбие­леді. Сол әдетіміз бүгінге дейін қалмай келеді. Қолым қалт етсе, үйдің маңын тазалаймын. Жұмыс мұнымен бітпейді. Ағаштарды күтіп-баптау сүйікті ісім”, – дейді.
Соңғы сапарға аттанғанына 75 жыл өтсе де, Шерияздан атаның әкесіне деген сағынышы бір сәт­ке де ор­тайған жоқ. Қа­зағымның қанына сіңген ата-анаға деген ыстық ықылас пен мейірім бүгінгі ұрпақтың да бойынан табылса екен деген тілекпен мен ақсақалмен қоштастым.

 

Нұржәмила ӘЛІБЕКОВА,
ардагер ұстаз.
СУРЕТТЕ: Ғаббас Сыздықұлы (1943 ж.).

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp