«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДАР – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖОЛАШАРЫ

“Мамандықтың барлығы – адамнан, тек екі мамандық қана – Құдайдан: ол – бала оқыту және адамдарды емдеу” деген екен бір ғұлама. Бала оқыту мамандығын өмірлік жолы етіп таңдаған 84 ұстаздың басы бүгін “Өрлеу” білікті арттыру институты ұлттық орталығының облыстық филиалында өткен “Педагогикалық дуэт” байқауында тоғысты. Кәсіби шеберлік пен тиімді тәлімгерлікті паш етуді мақсат тұтқан жылсайынғы сайыс биыл “Жастар жылына” арналды.

Байқаудың ақтық кезеңі жерлес жазушы, аудармашы, эссеші, публицист Герольд Бельгердің 85 жылдығына арнап “Өрлеу” орталығы филиалының тапсырысы бойынша түсірілген деректі фильмді тамашалаудан басталды. Мұның сырын филиал директоры Алма Мырзалинова Геарағаның – тұтас қазақ халқы үшін, ал қазақ ұлты Герольд Бельгер үшін тәлімгер болғанымен түсіндірді.

“Бүгінгі күні тәлімгерлік – қазақстандық білім берудің қайта жаңғырған салты. Шетелдерде жас мұғалім деген түсінік жоқ. Еңбек жолын енді бастаған ұстаздарды олар жаңа мұғалім деп атайды. Бүгінгі байқауға қатысып отырған дуэт құрамындағы педагогтардың жас айырмашығы аса көп емес. Тәлімгерлердің өздері – осыдан 2-3 жыл бұрын ғана ұстаздық ете бастаған кешегі студенттер”, – деген Алма Жәкімқызы олардың барлығына сәттілік тіледі.

Байқаудың шарттары бойынша 4 секцияға бөлінген сайыскерлер алдымен интерактивті педагогикалық квест тапсырмаларын орындады. Олар институт кітапханасында Г.Бельгердің кітаптарына көз жүгіртіп шығып, негізгі ойын анықтауға тиіс болды. Кейін институт қабырғасында жуырда ашылған коворкинг-орталықта жас мұғалімдерге үндеу жолдап, “Жетістіктер ағашы” деп аталатын мүйісте өз командасының қол жеткізген асулары туралы шағын бейнеролик түсірді. Олардың бұл жұмыстары кейін әлеуметтік желілер арқылы таратылмақ. Ал әр саланың мамандарынан құрылған қазылар алқасының алдында педагогикалық дуэттің жемісті жұмысының фирмалық рецептін 5 минуттың ішінде көрсету ең тартысты кезең болды. Ең соңғы тапсырманың шарты бойынша қатысушылар шығармашылық дарынын танытып, көпшілік алдында өнер көрсетті.
Тартысты, жылдам әрі шығармашылық тұрғыдан мазмұнды өткен байқаудың қорытындысы бойынша “Еріктілер” секциясында Шал ақын ауданындағы Жалтыр орта мектебінің дуэті Бақтияр Қабиденов пен Бибігүл Қазиеваға және Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушылары Екатерина Галата мен Тамаша Сейітжановаға тең келер ешкім болмады.
“Тәжірибе және жастық шақ” секциясында 1-ші орын Аққайың ауданынан келген Бауыржан Дүйсенбинов пен Гүлнәр Жолдасбаеваның жұбына бұйырды. “Жас буын” секциясында Есіл ауданындағы А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің ұстаздары Аққу Қойшыбаева мен Әсем Жақыпова жеңімпаз атанды.
“Ел болашағы” секциясында Айыртау ауданынан ат терлетіп келген Кириллов орта мектебінің дуэті Манат Мағзұм мен Әсел Тұңғатбаева және Шал ақын ауданы Ступинка негізгі мектебінің мұғалімдері Бибінұр Бексейітова мен Махаббат Желдоғарина жеңіс тұғырынан көрінді.
Арнайы дипломдармен марапатталған жеңімпаздардың балаша қуанғанын көрген қазылар алқасының мүшелері “Өрлеу” институтын нағыз шығармашылық шеберханасы” деп атап, осындай жарыстарды жиі өткізуге тілектестік білдірді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp