
Бүгінде елімізде сот жүйесін жетілдіру мен жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты алғашқы Жолдауында: “Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет”, – деп сот қызметкерлерінің алдына бірқатар міндеттер жүктеді.
Соңғы жылдары облыс соттарында келушілерге қолайлы жағдай жасауды көздеген фронт-кеңселер ашылуда. Биыл мұндай жаңашылдық облыстық, Петропавл қалалық №2, мамандандырылған әкімшілік және Қызылжар аудандық соттарында енгізілді. Тұрғындарға заманауи қызмет көрсету талаптарына сай барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кеңселер сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Фронт-кеңседе ақпараттық орталық, кіріс кеңсе және өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған алаңдар жұмыс істейді. Олардан сотқа өтініш берудің тәртібі, соттың орындауындағы істер мен материалдардың қаралу барысы, сот отырыстарын өткізу уақыты туралы деректерді алуға болады. Ал келушілер сотқа қажетті құжаттарын кіріс кеңсеге тапсырады. Күту залында тұрғындарға қолайлы болу үшін ұялы телефон арқылы сот органдарының интернет-ресурстарына кіре алатын “Wi-Fi”-ды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Сот қабылдаған шешімдер мен үкімдердің тұрғындарға ұғынықты болғаны маңызды. Сондықтан мұндай құжаттар, ең алдымен, түсінікті жазылуы керек. Өткен жылдардағы сот актілерін қарап отырсақ, оқыған адамды жаңылтатын көп әрі қажетсіз ақпараттарды байқауға болады.
Өткен жылы Жоғарғы соттың тиісті нормативтік қаулыларына бірқатар өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес қазіргі сот үкімдері мен шешімдерінің құрылымы да жаңартылды. Яғни, мәтіннің құрылысына қойылатын талаптар күшейді. Осы уақыт ішінде судьялар біртіндеп бұл тәсілге үйренді десек болады.
Сот актілерін жетілдірудің келесі амалына сот шешімдерін түсіндіруді жатқызуға болады. Судьялар сот актісін оқығаннан кейін тараптар мен отырысқа қатысушыларға осы шешімді қабылдаудың себебін түсіндіреді. Осының нәтижесінде сот үкімдеріне түскен шағымдар азайғанын да айта кеткен жөн.
Биылғы Жолдау аясында сот жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Осыған дейін сот актілерін дайындау талаптарын және құрылымын бұзу шешімді қабылдауға негіз болып саналмайтын еді. Енді судьялардың жұмысын бағалап, олардың қызметін өсірерде бұл жайт міндетті түрде ескеріледі. Бұл судьялардың өз қызметтеріне үлкен жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді.
Әкімшілік істерді қарау, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы құқықтық дауларды шешуде әкімшілік сот төрелігін пайдаланамыз. Сондықтан оны мемлекеттік басқару саласындағы заңдылықтың сақталуын танытатын сот қызметінің ерекше түрі десек те болады. Азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды қарау жөніндегі заңнама қоғамның заманауи талаптарына жауап бермейтініне тәжірибе жүзінде көзіміз жетіп отыр. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдармен соттасқан 347 жеке тұлғаның 16 пайызы ғана жеңсе, бұл көрсеткіш өткен жылы 12 пайызды ғана құрады. Бұл ретте екі тараптың мүмкіндіктері бірдей емес екенін ескерген жөн. Мемлекеттік органның заңгерлері болса, жеке тұлға өзінің құқықтары мен міндеттерін білмеуі мүмкін. Сол себепті әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс пен әкімшілік сот төрелігін енгізудің қажеттілігі туындады.
Биылғы қыркүйек айында ғана Парламент Мәжілісінде әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы ұсынылды. Оған сәйкес мемлекеттік орган өзінің шешімін немесе іс-әрекетінің себебін түсіндіруге міндетті. Сондықтан бұл заң жобасы мемлекеттік органдармен дауға қалған қатардағы азаматтар мен бизнес өкілдерін қорғауға бағытталған. Олар сотқа арыз берсе болғаны, мемлекеттік орган өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін болады. Мұндай сот төрелігі ТМД-ға мүше елдердің барлығында қолданылады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту жөнінде де айтты. Бұл – уақытында қабылданған әрі қажет шешім. Бірақ мұндай істер бойынша да тараптар өзара келісіп, татуласа алады. Мәселен, жуырда Петропавл қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 1 бөлімі, 120, 121-баптары бойынша іс қаралды. Айыпталушы кінәсін толық мойындады, бірақ зардап шегуші сотқа күдіктімен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Яғни, бұл жерде сот ешқандай шешім қабылдай алмайды. Егер педофилия мен тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстың ауыр түріне жатқызылса, тараптар татуласып, іс оңайлықпен жабылмайтын еді.
Бірақ басқа жағдайларға байланысты дау туындаған кезде екі тарап арасында түсініспеушілік орын алғанда, бірден сотқа жүгінбей, үшінші тараптың көмегімен мәселені шешуге болады. Бүгінгі күнге дейін бірінші инстанциядағы соттарда 21 медиация кабинеті ашылса, соның екеуі “Соттағы татуластыру рәсімдері” қанатқақты жобасының аясында жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс соттары 7931 азаматтық іс қараса, соның 1337-сі тараптарды татуластыру арқылы шешілді. Ал апелляциялық инстанциядағы татуластырушы судьялар 182 істі қарады.
Сот жүйесін жетілдіру бағытындағы жаңашылдықтардың бірі – “Еңбек дауларының алдын алу” қанатқақты жобасы биыл қолға алынды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс соттарында еңбек дауларының азайғаны байқалады. Жоба аясында биыл 194 өтініш түссе, өткен жылы мұндай 228 іс қаралған еді. Еңбек дауларының азаюы оны сотқа дейінгі және соттан тыс тәртіпте шешудің тиімділігін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Бұл жұмыстарға облыстың кәсіподақ ұйымдары да араласады.
Жалпы отандық сот жүйесіне жүктелген басты мақсат – тұрғындар сенімін арттыру. Жоғарыда көрсетілген жұмыстар, негізінен, осы мақсатқа бағытталған. Сондықтан біліктілігіміз бен тәжірибемізді сот жүйесіне жүктелген осы міндеттерді сәтті жүзеге асыруға жұмсауға тиіспіз.
Ерлан АЙТЖАНОВ,
облыстық соттың төрағасы.