«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МАҚСАТ – ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУ

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусин “Soltústіk Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Бүгін осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Әлихан АЙТБАЕВ,

Петропавл қаласының тұрғыны:
– Биыл жылыту маусымы жылдағы­дан ерте басталғанын білеміз. Алғашқы айлардың қиындықпен өтетіні де белгі­лі. Осындай проблемалар туындап жатқан жоқ па?
– Соңғы жылдары ауа райының ерте салқындауына байланысты облыс орталығындағы көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу қыркүйек айында беріліп жүр. Биыл да облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес Петропавл қаласындағы барлық жылумен қамтылуы тиіс нысандарға жылу штаттық кестеге сәйкес берілді. Алғашқы айлар қиындықпен өтеді, деген пікірге келіспеймін. Облыс орталығында жылуға қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Тек Петропавлдағы “Жас өркен” шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары жылу берілсе де, пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымдан­ған болатын. Бұл мәселеге қатысты жауапты мамандар тексеріс жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні барлық көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу есептегіш құрал орнатылған. Бұл көпқабатты үй мен сол маңдағы банкротқа ұшыраған элеваторға бір жылу үнемдеу құралы қойылған. Кәсіпкер ақша үнемдеу үшін жылу қысымын төмендетіп тастаған екен. Сондықтан көпқабатты үйге жылу аз мөлшерде беріліп келіпті. Бүгінгі күні Петропавл қалалық әкімдігінің мамандары элеватор басшылығымен кездесіп, бұл мәселені шешті.
Майра ШАЛАБАЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Неліктен екенін білмейміз, қылышын сүйреткен қыс жақындағанда жылумен қамту компаниялары жөндеу жұмыстарын бастайды. Биыл да облыс орталығының Кәрім Сүтішев көшесінің бойындағы құбырлар ауыстырылуда. Бұл мәселеге қатысты не айтасыз?
– Былтыр және биыл облыс орталығындағы барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерге жылу кестеге сәйкес дер кезінде берілгенін тағы да айтып өткім келеді. Биылғы жылы бұл мақсатқа облыс қазынасынан 5723 млн. және кәсіпорындардың өз қаржысынан 6554 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар облыс орталығын жылумен қамтып отырған компания түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін жаңғырту, жөндеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырады. 2017 жылы жылумен қамту жүйесіне жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары уақтылы бітпей, тұрғындардың ренішін тудырған болатын. Биыл Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы 11 қазандықты және 7 турбоагрегатын жөндеуден өткізді. Жылумен қамту (12 км.) және электрмен қамту (1762 км.), сумен қамту же­лілеріне және кәрізді күрделі жөндеуден өткізу бағытында жүргізілген жұмыстар, соның ішінде Кәрім Сүтішев көшесі де бар, бүгінгі күні толығымен аяқталды.
Ал егер облыс орталығында жылу, жарық беру немесе су жеткізу салаларында апатты жағдайлар орын алса, тұрғындар апаттық қызметтерді жою орталықтарына хабарласа алады. Арнайы техникалармен жабдықталған бригада оқиға орнына жетіп, олқылықты жояды.
Сандуғаш СЕРІКҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміз бойынша да, өңірімізде де көмір қоры жеткілікті еке­нін айтуда. Бірақ әлеуметтік желілерде қара отынға қол жеткізе алмай жүрген­дерін айтып, шағымданып жатқандарды көзіміз шалып қалады. Шынымен де, көмір тапшылығы жоқ па? Тағы бір сұрағым, көмір бағасын негізсіз өсіретін кә­сіпорындарға қандай шаралар қолданы­лады?
– Биылғы жылыту маусымында қатты отынның қажеттілігі 385 мың тоннаны құрайды, қазіргі таңда соның 301 мың тоннасы жеткізілді. Сонымен қатар жылыту маусымы басталғаннан бері бюджеттік мекемелер өздеріне қажет 147 мың тонна көмірді үйіп алды. Облысымызда 34 көмір сату орны бар. Оның 5-еуі Петропавл қаласында орналасқан. Ал бүгінгі күні өңірімізде 54 мың тонна көмір қоры бар, соның 7 мың тоннасы Қызылжар шаһарындағы арнайы орындарда тұр. Жақында Қызылжар ауданының тұрғыны әлеуметтік желіге көмір тап­шы екенін жазыпты. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Көмір сатумен айналысатын арнайы орындарға барып көргендер болса, ол жерлерде, тіпті, кезек күтіп шаршамай-ақ, шаруаңды тез бітіріп кетуге болатынына көз жеткізе алады. Кейбіреулер “атың шықпаса, жер өрте” дегендей, өтірік байбалам салып, тұрғындарды әуреге салғысы келеді. Өйткені, әлеуметтік желіге жазылған пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп жатқан ешкім жоқ.
Қара алтынның бағасы жергілікті биліктің қатаң бақылауына алынған. Облысымызға көмір жеткізіп отырған “Жан” ЖК-і, “УмарKZ” ЖШС-мен облыс әкімдігі көмір ба­ғасын қымбаттатпау жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда көмірдің құны бірқалыпты сақталып отырғанын айтып өткім келеді. Естеріңізде болса, 2018 жылы Табиғи монополияларды реттеу, тұтынушылардың құқығын және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тексеру жұмыстары нәтижесінде, өңіріміздің көмір жеткізумен айналысатын төрт кәсіпорны қара отынның бағасын негізсіз өсіргені анықталды. Оларға Петропавл қалалық сотының шешімімен 20,6 миллион теңге айыппұл салынды. Сондықтан да облыс аумағына көмір жеткізумен айналысатын серіктестіктер қатты отынның бағасын негізсіз өсіре алмайды. Жоғарыда айтқанымдай, егер мұндай қадамға баратындар табылып жатса, оларға заң аясында шара қолданылады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Мен көпбалалы ана ретінде жеңілдікпен берілетін көмірге қол жеткізе аламын ба?
– Біздің елімізде көмекке мұқтаж жандарға қолдау зор. Әсіресе, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлер тарапынан қайырымдылық көмек беріліп жатады. Көмір жеткізумен айналысатын серіктестіктердің басшылары былтыр осындай 47 отбасына 1,4 миллион теңгенің көмірін жеткізіп берді. Бұл мақсаттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Бұйырса, осы жылы 49 отбасына көмек көрсету жоспарланып отыр. Жылыту маусымының басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ, соның өзінде бүгінгі күн­ге дейін жеті отбасына құны 210 мың тең­ге тұратын қара отын берілді. Сондай-ақ, “Проминвестуголь” ЖШС-і “Милосер­дие” балалар үйіне қайырымдылық көрсетіп келеді. Әрине, көпбалалы ана ретінде сізді де көмек алушылар тізіміне қоса аламыз. Ол үшін біздің басқармаға немесе әлеу­мет­тік көмек көрсетумен айналысатын арнайы мекемелерге хабарласуыңыз керек.
Бақытгүл ЕЛУБАЕВА,
Бескөл ауылының тұрғыны:
– Мен Қызылжар ауданының орталы­ғы Бескөл ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Біздің үйлерімізді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосады дегелі бірнеше жыл өтті. Бі­рақ бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді.
– Иә, Бескөл ауылында бірнеше көпқа­батты тұрғын үй бар. Ол баспаналардың иеле­рі қыстыгүндері пеш арқылы үйлерін кө­мір мен отын пайдаланып, жылытуға мәжбүр екенін жақсы білеміз. Бұл мәселені ауыл жұртшылығы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Бүгінгі күні аудан орталығындағы 3 көпқабатты тұрғын үй және 20-дан астам нысан орталық қазандыққа қосылған. Сонымен қатар “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1,5 шақырымды қамтитын қосымша жылу желісінің құрылысы бойынша арнайы жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде аудан орталығындағы тағы 40 нысанды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туады. Бірақ бір айта кететін жайт, Бескөл ауы­лындағы көпқабатты үйлердегі жылу құбырлары бірнеше жылдан бері пайдаланылмай келгендіктен бүгінгі күні жарамсыз күйде. Сондықтан тұрғындарға ішкі жылу желілерін қайта қалпына келтіру жұмыста­рын жүргізуге тура келеді. Сонда ғана сіздердің үйлеріңіз орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыла алады.
Жанар ҚАСЕНОВА,
Мамлют ауданының тұрғыны:
Мамлютка қаласының әкімі тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде Мамлют ауданының орталығына жылу желісі тартылады деген еді. Бірақ әлі күнге дейін уәде құр сөз күйінде қалып отыр. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Мамлютка қаласында “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы аясында орталықтандырылған жылу желісі құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан алдағы уақытта бұл елді мекеннің тұрғындары да орталықтандырылған жылу желісіне қосылатын болады. Ал бұл жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, қала әкімінің қабылдауына жазыла аласыз.
Сөз орайы келгенде айтып өтейін, Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында да осындай жоба қолға алынды. Мақсатты жұ­мыстар сәтті жүзеге асып, ауыл үйлері заманауи жылу жүйесіне қосылатын болса, барлық аудандар бойынша үш мыңнан ар­тық тұрғын қыстыгүні пеш жағу азабынан құ­тылып, жақсы тұрмысқа қол жеткізеді.
Сондай-ақ, бүгінгі күні Айыртау ауданын­дағы Саумалкөл, Есіл ауданындағы Явленка, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка және Тимирязев ауданының Тимирязево, Уәлиханов аудынының Кішкенекөл елді мекендерінде, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында 8 мың тұрғынды қамтыған орталықтандырылған жылу желісі бар.
Сәуле БЕГАЛИНА,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Өзім тұрып жатқан Сергеевка қаласының тұрғындарынан биоотын жайлы көп естимін. Заманауи қазандықтар жайлы айтып берсеңіз?
– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні биоотынға арналған қазандықтар орнату бойынша жұ­мыстар үздіксіз жүргізілуде. Жасыл экономикаға көшу заман талабына айналған тұста, қатты отынның орнына сабан қолда­нудың тиімділігі зор екеніне көз жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар өңірімізде қолданысқа енген биоқазандықтардың халықаралық “EXPO – 2017” көрмесінде таныстырылымы өтіп, шетелдік мамандардың жоғары бағасына ие болған еді. Бүгінгі күні үмітіміз то­лығымен ақталды деп айта аламыз. Өйткені, биоотынға арналған қазандықтар ұзақ жылдарға шыдас береді әрі ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемі азаяды. Сонымен қатар қазына қаржысын үнемдеуге мүмкіндік зор әрі техникалық қызмет түрлерінің шығыны азаяды. Ең бастысы, сабанмен жағылатын қазандықтар жылуды жақсы ұстап тұра алады. Бүгінгі күні облысымызда осындай 102 қазандық орнатылған. Соның 67-сі бюджеттік мекемелердің еншісінде. Нәтижесінде жылыту маусымына қажет 21 мың тоннаға жұмсалатын 190 миллион теңге қазына қаржысы үнемделді.
Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, өңірімізде тағы жеті нысанға осындай қазандықтар орнатылды, оның алтауы бюджеттік мекеме. Бүгінгі күні тағы тоғыз қазандықты іске қосу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде.
Орынбасар ӘБУШӘКІМОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Біз, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 284 А мекенжайындағы үйдің тұрғын­дары, бір айдан бері ыстық сусыз отырмыз. Осы мәселенің шешілуіне көмек бере аласыздар ма?
– Сіздің мәселеңіз бойынша мен бұл көпқабатты тұрғын үйге барып, мән-жайды біліп қайттым. Ыстық суға арналған бойлер жарылған. Бүгінгі күні тұрғын үйлерге қызмет көрсету пәтер иелері кооперативіне берілгендіктен, бұл мақсатқа әкімдіктен қаржы бөлінбейді. Бұл тұрғын үйде ПИК құрылмаған. Бірақ тұрғын үйдің ішкі жылу, жарық, ыстық және суық су бойынша желілеріне жауапты адам тағайындалған. Сіздерден ай сайын пәтердің шаршы мертіне байланысты қаржы жиналады. Сол қаражаттан оған жалақы бөлінеді, ал қалған қаржы тұрғын үйдің кем-кетігін дұрыстауға жұмсалады. Сондықтан мұндай мәселені өз қаржыларыңызға ғана шеше аласыздар. Тұрғындармен жиналыс өткізгенімде, олар бұл мақсатқа қаржы жинағандарын айтты. Осындай қызмет түрімен айналысатын серіктестік мамандары бүгінгі күні жертөледегі бойлерді ауыстыру жұмыстарымен айналысып жатыр екен.
Алмагүл КӘРІМОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Мен “Береке” шағынауданында тұрамын. Қыстыгүндері пәтеріміз салқын болады. Биыл да қақаған қыс айларында тоңып, жаураймыз ба деп қорқып отырмыз.
– Бүгінгі күні облыс бойынша 1756 көпқа­батты тұрғын үй болса, соның 1084-і Петропавл қаласында, 672 үй аудандарда орналасқан. Жылыту маусымы қарсаңында бұл үйлерде қысымды тексеру, құбырларды шаю жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта орталықтандырылған желіге қосылған барлық нысандарға жылу берілді. Ал “Береке” шағынауданы туралы айтар болсам, өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Былтыр Берекедегі жаңа үйлердің тұрғындары пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымданған болатын. Мұн­дай кемшіліктерді жою үшін 5,9 шақырымды қамтитын және диаметрі 1000 мм. болатын №3 жылу магистралі салынды. Енді бұл шағын аудандағы және вокзал аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерде мұндай мәселе туындамайды.
Осы орайда жыл сайын тұрғындарды жылумен қамтуды жақсарту мақсатында “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ы жоспарлы жұмыстар атқаруда. 2017 жылы жылумен қамту желілерінің 15,3 шақырымына күрделі жөндеу және 7,7 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал былтыр 0,26 ша­қырым қайта жаңғыртылса, 13,4 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өтті. Биыл да бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын тауып, 6,6 шақырым жылу құбырына жаңғырту жүргізіліп, 12 шақырымға күрделі жөндеу жасалды. Мұның бәрі қысы қатты біздің өңірдің тұрғындарына сапалы қызмет түрін ұсыну мақсатында жүргізілуде.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp